«Күйеуіңізбен жатын бөлмеде сөйлесіңіз»: Гүлзира Айдарбекова бақытты отбасы болудың құпиясын айтты

Танымал хитмен Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желіде қыз-келіншектерге ақыл айтты.

“Қыз-келіншектерге өзімнің өмірімнен алынған дүниелермен бөлісейін. Үйде жүрген кезде әдемі киініп алыңыздар. Балаларыңыз да қуанып отырады, көңіл күй де күшті болады, жолдасыңыз да сізді құрметтейтін болады. Көбі шайдың басында күйеуімен ырылдасып отырады ғой, бұдан бала-шағаның көңілі түсіп кетеді. Сол себепті қолыңыздан келгенше күліп отырып, әдемі киініп, жақсылап тамағыңызды, шайыңызды берсеңіз, келешекте балалар үшін де жақсы болады. Кейін өздерінің әйелдерін солай құрметтеп, қарсы алатын болады. Күйеуіңізге айтатын сөзіңізді жатын бөлмеге барғанда жеке айтыңыз. Балалардың алдында оның абыройын түсірмеңіз. Олардың да әкесіне деген құрметі күшті болады. Сол ісіңізге қарап, күйеуіңіз сізді сыйлайды. Сіздің ақылдылығыңызды, даналығыңызды көкейінде ұстап, өзіңізге разылығын білдіріп отырады”, – дейді Гүлзира Айдарбекова.

Продюсердің айтуынша үй киімнің қымбат болуы міндетті емес, оның жарасымдылығы маңызды.

“Міндетті түрде қымбат киім киюдің қажеті жоқ. Маған көбіне жарасымды болса болды, үйге арзан шыт матадан тігілген киімді киіп аламын. Денеге жұғымды, жеңіл, үйлесімін тапса болғаны. Садыра-садыра болып, шашыңыз ұйпа-тұйпа болмай, ретке келтіріп жүрсеңіз, кейін “анамыз” дегенде  отбасыңыздың алдында сол бейнеңіз тұрады”, – деп қосты танымал продюсер.

Желі қоданушылары да Гүлзира Айдарбекованың сөзіне келісетінін жеткізіп, жазба астына пікір қалдырды.

“Осындай отбасылық өмірде тәжірибесі бар әйелдер айтса жарасымды”, “Толық келісемін. Сіз – балаңыздың айнасысыз, бала көргенін қайталайды”, “Айтқаныңыз өте орынды”, “Кеше келген келінге қарағанда, өмір көрген әйелге бұндай кеңес жарасымды”, “Осылай өмірлік тәжірибеңізбен бөлісіп тұрыңыз”, – деп қолдап жазды желідегілер.