Ту көрсе, Әнұран айтатын бүлдіршін елді сүйсіндірді

Желіде ту көрсе мемлекеттік әнұранды айта кететін кішкентай бүлдіршіннің видеосы тарады.

Бейнежазбада екі жасар бүлдіршін анасымен бірге келе жатып көшеде тұрған көліктің мемлекеттік нөміріндегі Тудың бейнесін көре салысымен Әнұранның қайырмасын айта жөнеледі. Ол Атырау қаласының тумасы. Қазіргі таңда бүлдіршін астана қаласында тұрады. Есімі Айлин. Әкесі мемлекеттік қызметші, анасы Альфия Әдиева қоғам белсендісі.

«Айлин – балаларымыздың ең кенжесі. Оның алдында екі апасы мен бір ағасы бар. Біз Айлинді кішкентай кезінен қазақ әуендерін тыңдап өсірдік, ата-әжесі патриоттық өлеңдерді айтып бақты.  Отбасымызда патриоттық тәрбие отбасыдан басталады деген сөз басты қағида.

Астанадағы “Алтын адам” бала бақшасына барғалы Әнұранды  айтып үйренді. Балабақшада әр күн әнұран айтудан басталады. Қазір Айлин Ту көрсе болғаны, қолын кеудесіне қойып Әнұран айта бастайды», — деді Айлиннің анасы.