Алматы облысында «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Алматы облысында Еңбек күніне орай, салтанатты шара ұйымдастырылды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысып, халықты мерекемен құттықтады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», — десе, Ұлттық құрылтайда «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады», — деп, «Адал еңбек. Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілетуде. Замандар тоғысып, ақпараттық алаң кеңейген тұстақоғамдық санада, өскелең ұрпақ бойында еңбек культін орнықтыру маңызды. Бүгінгі салтанатты шара осы мақсатта ұйымдастырылып отыр», — деді әкімнің орынбасары.

Сондай-ақ ол жастарды жұмыспен қамту, қолдау үшін облыста қолға алынған шаралар жөнінде айтты.

«Жастардың бойында еңбек дағдыларын қалыптастыру, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісім-шарты» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда өңірдің 331 жас азаматтары 2,5%-дық шағын несие алды. Жыл соңына дейін бұл сан 375-ке жетеді деп жоспарланған», — деді Нұрлан Әбдірахым.

Содан кейін облыс әкімінің орынбасары республикалық «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпаздарын марапаттады:

• «Үздік еңбек әулеті» номинациясы – Антонина Мықтыбаева (Арна орта мектебі директорының орынбасары, мұғалімдер әулетінен шыққан);

• «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы — Айжан Жунусова («Филип Моррис Казахстан» ЖШС оқыту өндірісінің және процесс бойынша инженерлер тобының жетекшісі);

• «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы — Думан Салимахунов («У.Қантаев атындағы Мойнақ ГЭС-те» станция ауысым бастығы).

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

@⁨+7 702 117 2236⁩ есть