Былтыр қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82 пайызға артқан

Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі былтыр 40%-ға жуықтаған. Жалпы сарапшылардың пайымынша, мамандығына қарамастан, қаржылық сауат негіздерін түсіну, өз бюджетін жоспарлай алу материалдық игілікке ұмтылатын әрбір адам үшін маңызды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы үш жыл көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2018 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25% болған болса, 2020 жылы 39,07%-ды, ал 2021 жылы 4-тоқсанда жүрігізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52%-ға жеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілмек. Қаржылық тұрғыдан сауатты болу үшін халық нені білуі керек?

Сарапшы, экономист Мақсат Халықтың сөзінше, қаражатты саналы түрде жұмсай білу үшін ақшаға деген қарым-қатынасты дұрыстау керек. Өйткені бала кезден бойға сіңіп қалған қасаң көзқарасты өзгертпейінше, ақшаға «қолдың кірі» ретінде қарау адамның қаржылық жағынан тәуелсіз болуына кері әсер етеді.

«Ақша – жалпыға бірдей құн рөлін атқаратын ерекше тауар. Оның ерекшелігі кез келген тауар құндылығын бойына сыйдыра алады. Ең алдымен, ақшаға деген дұрыс қарым-қатынасты түзуіміз қажет. Бізде ақшаға көзқарас дұрыс емес. Балаға тәрбие беру кезінде «ақша — қолдың кірі», «дүниеқоңыз болып кетіпті» дегендей сөздер көп айтылады. Осы тұста ақшамен қарым-қатынас құру кезінде балаларды алшақтатып алатын секілдіміз. Сондықтан бұл процес саналы түрде сапалы жүргізілуі керек. Адам өзінің пұлын орнымен, ақыл-парасатымен жұмсай алса, оның несі жаман?! Бауырларыңызға, достарыңызға көмектесе алсаңыз, бұл жақсы емес пе?! Сондықтан біздің азаматтарымыз бай, дәулетті болуға ұмтылуы керек», — дейді экономист.

Оның айтуынша, әр азамат «депозиттің қандай түрлері бар, қай банктен депозит ашқан дұрыс, ондағы кепілдендіру қоры деген не, қанша миллион теңгеге дейін кепілдік береді, қай банк сенімді?» деген сұрақтарға жауап бере алғаны дұрыс.

«Біз несиелік инструментті қолданамыз. Бүгінде несиесі жоқ адам қалмаған да шығар. Несиені де тиімді алу жолдары бар. Банк берді екен деп, әр парағына ойланбастан қол қоя бергеннен не ұтасыз? Сондықтан депозит таңдай білу, қарапайым несиені рәсімдей білу де – қаржылық сауаттылықтың белгісі»,-дейді ол. Бұдан бөлек кәсіби маман заманның өзгеруіне қарай алаяқтар да түрленіп жатқанын еске салып өтті. «Оларға төтеп беру үшін де сұрақты сапалы қоя білу керек. Қазір қаржылық пирамидаға негізделген ұйымдар пайда болып жатыр. Олар қоңырау соғып, азаматтарды «банктен хабарласып тұрмыз» деп алдайды. «Бізге ақша салсаңыз, бір-екі айдың ішінде байып кетесіз» деп ұрандататындары көп. Оларға төтеп беру үшін сұрақ қоя білу керек. Мәселен, қарапайым ғана Ұлттық банктен лицензиясы бар-жоғын тексеру керегін де азаматтарымыз білмей жатады. «Ол қазақстандық компания ма, әлде шетелдік пе, қожайыны кім, арнайы Қаржылық қадағалау агенттігінен лицензиясы бар ма?» деген сауалдарды көбінесе халқымыз қоя бермейді. Жалпы осындай сауалдар қаржылық алаяқтарды біраз састырады. Сондықтан осындай дүниелерді ескеру қажет», — дейді сарапшы.

Экономист халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды ерте жастан бастау керек деп есептейді. Себебі сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Бұл – ұзақ мерзімді әрі тиімді тәсілдердің бірі. Осыған байланысты сарапшымыз қаражатты жұмсай білу, түбіртек талап ету секілді дүниелер бала кезден қалыптасу керегін де тілге тиек етіп өтті.

«Жалпы мектептен бастап қаржылық курстары өтуі қажет. Мәселен, бастауыш сыныптарда «Қаржылық әліппе», «Қаржылық сауаттылық», «Экономикаға кіріспе» деген секілді пәндерді қоюға болады. Ал жоғары сыныптарда, яғни 7-8 сыныптан бастап «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәндері тереңдетіліп оқытылуға тиіс. Бұрын «Әмиян» деген бағдарлама жасадық. Түсірілім кезінде 9 жастағы балаларды байқап қалдым да, «қиналып қалады-ау, игере алар ма екен» деп уайымдадым. Бірақ соңында сол балалар өте білімді, басқаларымен салыстырғанда өте пысық болып шықты. Дүкенде сауда жасағанда «маған түбіртекті беріңіз, ол – менің тұтынушылық құқығым» деп айта алатындай дәрежеге жетті. Сондықтан балаларға ерте жастан, бастауыш сыныптан бастап қаржылық сауаттылығын ашатын курстар берілуі керек. Гарвардтың ғалымдары да балаларды 7 жастан бастап қаржылық білімге баулуға болатынын дәлелдеп отыр. Бұдан бөлек университеттерде де жеке пән ретінде оқытылуы керек. Бұл қарапайым қаржыға байланысты түсініктердің қалыптасуына, қаржы алаяқтарынан қорғануға, оларға қарсы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді, — деп түсіндірді ол.

Маманның пікірінше, қазақстандықтардың қаржылық сауат деңгейі бұрынғымен салыстырғанда біраз өскен. Оған пандемия кезіндегі әлеуметтік жағдайдың қиындауы, қымбатшылық салдары секілді мәселелер әсер етіп отырғаны байқалады.