«Құдыққа батырамыз» деп қорқытқан: Африкалық азаматқа тұрмысқа шыққан атыраулық әйел жұртты алаңдатып қойды

Африкалық жігітпен отбасын құрған қазақ қызы Заида Жаңабаева желіде жұртты алаңдатқан жазба жариялады.

Атыраулық келіншек өзінің қара нәсілді азаматқа тұрмыс шыққанын сынап-мінейтін желі қолданушыларынан әбден шаршаған. Оған «Саптама етіктің астына салатын негр екен», «Аттың құйрығына байлап өлтіретін қатын бұндайлар»,  «Қазақтың жігітін таппадың ба, бейшара?», «Шеркештің жігіттері мына қара бәлені қатынымен қосып елден қуып шығуы керек қой», «Түрі құрсын» деп жазылатын пікірлер бір сәт толастар емес.

Бірақ бұл жолы олар тым шектен шыққанын айтқан атыраулық келіншек жұртты алаңдатқан жазба қалдырды. Онда ол пікір жазушылар бір жасар ұлына тиісіп, «құдыққа батырамыз» деп қорқытқандарын айтады. Жазылған пікірлердің бәрін Заида жеке парақшасына жариялап қойған. Осыған орай, біз оның өзімен тікелей тілдесіп, мәселенің мән-жайын сұраған едік.

“Былтыр маусым айында Атырау қаласының прокуратурасына жала жабу және кибербуллинг, яғни әлеуметтік желіде балағаттау немесе қорлау дерегі бойынша арыз жазған едім. Менің өтінішім Нұрсая ықшамауданының учаскелік полициясына жолданды. Тәртіп сақшылары үйіме келіп, «шағымым жоқ» дегендей түсініктеме жазуымды сұрады. Мен қарсы болдым. Себебі, шағымым бар екенін айттым. Сол өткен жылғы арызым қанша уақыт өтсе де, әлі де жауапсыз жатыр. Сонда міндетті түрде шу шығарып, елді дүрліктіру керек пе?” – деп ашынады ол.