Әнші Рамазан Стамғазиев беташарды бизнеске айналдырып жібергендерді сынға алды

Танымал дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев қазақтың салт-дәстүрі беташардың шоуға айналғанына қапалы. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 “Қазір беташарды бизнесқа айналдырып жіберді. Кейде асаба қайын атасы беташарға ақша салса, кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып, екінші рет салғызып жатады. Жалғыз баласы үйленіп жатса ол несін аяйды? “Сал да сал” деп елдің алдында беташарды сауда-саттық жасайтын базарға айналдырып жібереді. Беташар ондай болмайды. Ауылға келін түсіп жатқанда, ауылдың ел сыйлайтын ақсақалдарын, ақын-жырауларын жинайды. Беташарда олар келінді ата-тегінен тартып, келген жерін сұрап, сәлемін салғызып, халқымен таныстырып, ортаға сіңіп кетуге жағдай жасайды. Отырып алып, біреуден ақша жинап, салған ақшасын аз көріп, шоуға айналдырып жіберуге болмайды. Мен қазір де бет ашып жүрмін. Бірақ біреуге барып: “Сен осынша ақша салуың керек” деп айтпаймын”, – дейді Рамазан Стамғазиев.

Әнші беташар кезінде келіннің бетін ашқан әншінің тапқанына, табаққа таласатындардың барын да жасырмады.

“Өздері тойға шақырады, бетін ашқан соң ақшасын санап, табаққа таласатындар бар. “Бұл Құдайдың берген ризығы ғой. Мен біреуді зорлап тойына барып жатқаным жоқ. Мен ашамын деп таласып жатқан жоқпын. “Ағаның жолын берсе екен, жастардың жолы ашық болса екен” деп шақырып алып, сәлемін салғызып, табаққа түскен ақшаға таласқандарың болмайды” деймін. 1-2 тиын түсcе де, келіннің бетін ашып жатқан адамға берілу керек. Ол тойдан қайтады. Кейде бауырларымыз мен танитын үлкен ағаларымның, онымен жұмыс істейтін үлкендерге қоңырау шалдырып, жоғарғы жақтан сұратады. “Ала қойыңдар, жастардың бақытына берейін” деймін. Күнім оған қарап қалған жоқ”, – дейді өнер иесі.