ТОП-50-ді бастап тұрған елдерді кім басқарады?

Кешегі «Қаңтар қасіреті» оқиғасынан кейінгі өз мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ең бір өзекті мәселе — жемқорлықты жоюға барынша жұмыстану керектігін айтты. Тіпті, Мемлекет басшысы елімізде сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтырмағанын, бұл бағытта соңғы жылдары зерттеу, сараптау жұмыстары жүргізілмегенін алға тартты.

Расында бұл «кеселді» бүгінге дейін ешқандай мекеме түпкілікті зерттеп, оның себеп-салдарын анықтаумен айналысқан жоқ. Олардың қатарында Антикор да бар.

Жуырда Transparency international ұйымы әлем бойынша жемқорлық деректері аз тіркелген ТОП-50 елдің тізімін жариялады. Бұл тізімге Қазақстан «кіре алмады». Себебі елімізде жемқорлық жойылмай тұр. Қазіргі таңда Қазақстан аталған тізімде 102 орында.

Ең қызығы, әлгі ТОП-50-ді бастап тұрған Дания, Финляндия, Жаңа Зеландия мемлекеттерінің Премьер-министрлері — әйелдер.

Атап айтсақ, Данияның премьер министрі Метте Фредериксен 1977 жылы туған. Ол 2019 жылдың 27 маусымынан бері осы қызметті абыройлы атқарып келеді. Финляндияның Премьер-министрі Санна Марин 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бері ел басқарып отыр. Ол  Аннели Яаттинмаки мен Мари Кивиниемиден кейін Финляндияның премьер-министрі қызметін атқарып отырған үшінші әйел. Ал Жаңа Зеландияның Премьер-министрі Джасинда Ардерн 2017 жылғы 26 қазаннан бастап осы елді басқарып келеді. Ол алғаш рет 2008 жылғы жалпы сайлауда партиялық тізім бойынша парламентке сайланған.

Айта кету керек, ТОП-50 елдер қатарында 4-орында тұрған Сингапурда әйел адам Президент. Халима Якоб 2017 жылдың 14 қыркүйегінен бері мемлекетті басқарып отыр. Сингапурмен бір қатарда тұрған Швецияда да өткен жылы әйел адам Премьер–министр болып сайланды. Швеция тарихында алғаш рет үкімет басшысы болған Магдалена Андерссон белгілі себептерге байланысты лауазымынан бас тартқан.

Біздің елімізде де әйел адам Премьер-министр болғанын қалайсыз ба? Сіз бұған не дейсіз, оқырман?

 

Д.БАЙМҰҚАШ.