Көкшетау мектебінде оқушылар кептелісі туындап, басшылығы тәртіптік жазаға тартылды

Көкшетау қалалық №1 мектеп-гимназиясының дәлізінде оқушылар топырлап, қысылысып қалды. Осы оқиғаға байланысты мектеп басшылығы тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды  «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясындағы жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде желдей есті. Оқушылар оқу орнының дәлізінде қысылысып қалған. Қысымнан кейбір балалар еденге құлаған. Осы мәселе бойынша Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі жауап берді.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қалалық №1 мектеп-гимназиясында екі ауысымда 2 866 бала оқиды. Білім беру ұйымы үш ауысымның қатарына жатпайды. Сабақтар штаттық режимде өтіп жатыр.

«Әлеуметтік желілерде жарияланған роликтен кейін Ақмола облысының білім басқармасы қызметтік тергеу жүргізді. Бұл дерек сабақтар аяқталғаннан кейін, мектеп дәлізіне барлық сынып оқушылары оқу кабинеттерінен бір уақытта шыққан кезде туындағаны анықталды.

Қазіргі уақытта мектеп әкімшілігі оқушылардың үзіліске шығу және сабақтан шығу кестесін реттеді. Қажетті шараларды уақтылы қабылдамаған мектеп басшылығы тәртіптік жазаға тартылды», — деді басқарманың баспасөз қызметінен.