Айдарбек Қожаназаров: Министрліктерді бөлу – сол министрлердің жұмысына берілген баға

Министрліктерді бөлу туралы шешім — сол ведомство басшыларының жұмысына берілген баға деуге болады. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

«Мен ведомствосын бөлшектеп, қызметінің бір бөлігін ажыратып жатқан министр өзін қалай сезініп отыр екен деп ойладым. Бұл — оған берілген баға ғой. «Кешір, бұл мәселе қолыңнан келмеді, ол қызметті сенен аламыз, қалған жұмысты атқара бер» деген сөз сияқты», — деді депутат.

Сондай-ақ, ол су ресурстары мәселесін үш ай бұрын көтеріп, жеке бір министрлік ашу туралы бастама көтергенін айтады.

«Орталық Азия елдерінің арасында суға байланысты кикілжің болады деген болжамдар көп. Бұл мәселені қазірден бастап көтермесек, келіспеушіліктен құтылмаймыз», — дейді Айдарбек Қожаназаров.