Go Sauda — үздік отандық жоба

Бүгінгі күні елімізде онлайн сауда саласы тез қарқынмен дамып келеді. Алайда оны жүзеге асыратын платформалардың барлығы — шетелдік жобалар. Мәселен, біз күнделікті қолданатын AliExpress қосымшасы Қытайда, ІnDriver платформасы Саха Республикасында, ал «Яндекс» қызметі Ресейде құрастырылған. Осыны ескерген қазақстандық кәсіпкерлер алғаш рет елімізде Go Sauda платформасын ойлап тауып, 2020 жылы отандық жобаны жүзеге асырды. Бүгінде бұл қосымша Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде заңды түрде тіркеліп, жұмыс жасап жатыр. Біз отандық жоба туралы компания өкілдерімен әңгімелескен едік…

Go Sauda-ны кім құрды?

«Go Sauda» компаниясының өкілі Болат Әбуәлиевтің айтуынша, компанияның бас кеңсесі Қарағанды қаласында орналасқан. Одан бөлек еліміздің бірнеше қаласында компанияның өңірлік кеңселері бар. Мәселен, елордадағы кеңседе компанияның ІТ-мамандары отырады. Жалпы бүгінгі күні компанияда 30-дан астам адам қызмет етеді.

— Отандық жобаның негізгі авторлары — Жандос Әшірбеков, Думан Игенов және Айбек Жартыбаев. Біз компанияның еліміздің батыс өңірлеріндегі өкілдеріміз. Қазіргі таңда облыстарды аралап, кәсіпкерлермен, тұрғындармен кездесіп, жаңа жобаны таныстырып жүрміз. Себебі бұл платформа туралы білмейтіндер әлі де көп.

Жалпы бұл қосымшаны құру үшін компания 250 мың доллар қаржы жұмсаған. Оны шетелдік және отандық ІТ-мамандар бірлесіп, жүзеге асырды. Бүгінде өзіміздің ІТ- мамандар қосымшаны әрі қарай дамыту үшін жұмыстанып жатыр. Негізі бұл жобаны жүзеге асыру туралы идея 2016 жылы қолға алынған. Дегенмен қаржылық және тағы басқа белгілі себептерге байланысты компания платформаны 2020 жылы қолданысқа шығарды. Қазір бұл қосымшаны 500 мыңға жуық адам жүктеп үлгерген. Ең тиімдісі, мұнда кез келген адам өз өнімін 90 күнге дейін тегін жарнамалап, сата алады, — дейді компания өкілі.

Болат Әбуәлиевтің айтуынша, отандық жобаны іске асыруға ақтөбелік Ғалымбек Өтегенов есімді азамат та өзіндік үлес қосқан. Қазіргі таңда ол компанияның Түркиядағы кеңсесін басқарып отыр. Сондай-ақ компанияның біздің өңірімізде, атап айтсақ, Қандығаш қаласында да сенімді өкілі бар.

 

Суретте: «Go Sauda» компаниясының өкілдері Болат Әбуәлиев және Бекзат Сәбитұлы.  

 

Платформаны қалай жүктеуге болады?

Go Sauda платформасын Play Market, AppStore қосымшалары арқылы тегін жүктеуге болады. Бүгінгі күні қосымша елімізде үш тілде қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні қосымша арқылы тауар сату қызметі қазақстандықтарға 90 күнге дейін тегін болса, кәсіпкерлерге арналған бір айлық абоненттік төлем құны — 9 мың теңге.

— Бұл жобаны жүзеге асыру оңайға соққан жоқ. Себебі елімізде ІТ-саласы әлі де жоғары деңгейге жеткен жоқ. Егер біз осы саланы дамытпасақ басқа елдерден қалып қоямыз. Қазір біз күнделікті өмірде шетелдік ІnDriver, Яндекс, Оlx сияқты платформаларды қолданып жүрміз. Бұл компаниялардың қызметіне жүгінгеніміз болса, бұл қосымшалардың біздің ел экономикасына қосып жатқан үлесі аз. Себебі табыстың дені де, салық та шетелдерге түсіп жатыр. Соны ойлап біздің компания қазақстандық онлайн сауда желісін ойлап тапты. Осы қосымша арқылы кәсіпкерлер де, қарапайым тұрғындар да өз тауарларын сатып, пайда табуына болады. Сондай-ақ кез келген уақытта іздеген затыңызды осы платформа арқылы таба аласыз. Ол үшін сіз алдымен Play Market, AppStore қосымшалары арқылы Go Sauda платформасын жүктеп, тіркелуіңіз керек. Қосымшаның сайтында баннерлер орналасқан. Ол жерде қызмет және тауар түрлерінің тізімі берілген. Мәселен, сән, көлік, балалар әлемі, электроника, жылжымайтын мүлік, қызметтер, жұмыс табу, жануарлар, денсаулық және әдемілік, азық-түлік, тағы басқа. Осылардың ішінде өзіңізге керегін қарап, тапсырыс беруіңізге немесе хабарландыру жасауға болады.

Сондай-ақ арнайы бөлімшелер де бар. Сол жерден қажет бөлімшеге кіріп, тауар туралы мәлімет алуға болады. Ал егер платформада жарнама және хабарландыру жасаймын десеңіз, оның ешқандай қиындығы жоқ. Тауардың сипаттамасын жазып, сапалы сурет салсаңыз жеткілікті. Және бұл платформаның тағы бір ерекшелігі, тұрақты тұтынушыларға қосымша бонустар қарастырылған. Ол сіздің қаржыңызды үнемдеп, платформада белсенді болуға мүмкіндік береді,  — дейді компания өкілі Бекзат Сәбитұлы.

Оның айтуынша, отандық платформа ұялы телефонда ешқандай орын алмайды. Тек интернет болса жеткілікті. Сондай-ақ Go Sauda-ның  басқа қосымшалардан басты ерекшелігі онда Instagram, YouTube, WhatsApp әлеуметтік желілері кіріктірілген. Яғни, кез келген адам сатып алатын тауары туралы қосымша ақпарат білгісі келсе, онда тауар ұсынушының Instagram парақшасы мен YouTube арнасына кіруіне мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ онда тауар ұсынушының WhatsApp желісіне де хабарласуына болады.

Біз компания өкілінен: «Алаяқтардан сақтандыру үшін платформада қандай да бір ескертулер бар ма?» деп сұрағанымызда, Бекзат Сәбитұлы былай деді:
— Қазір онлайн қызметтің дамуымен қатар елімізде алаяқтық деректері де көбейіп барады. Әсіресе онлайн сауда жасағандар арасында алданып қалатындар өте көп. Біз бұл жайтты да ескеріп, платформаны құрған кезде арнайы техникалық қолдау орталығын жасақтадық. Егер алаяқтық деректері тіркелген болса, біз құқық қорғау органдарына көмектсеуге дайынбыз. Біз сол дерекке қатысты барлық ақпаратты базадан шығарып бере аламыз. Қуаныштысы, бізде мұндай жағымсыз жағдайлар тіркелген жоқ.

 

Сіз де Go Sauda-ның үлескері бола аласыз!

Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда Go Sauda-ға инвесторлар қажет. Директорлар кеңесі компанияның 40 пайыз акциясын Қазақстанға сатылымға қойыпты. Бүгінде оның 35 пайызы сатылған. Қалған 5 пайызын сатып алуға сізде мүмкіндік бар. Сондықтан қаржыңыз және қызығушылығыңыз болса, сіз де компанияның үлескері бола аласыз.

— Бұған дейін біз Ресей, Сингапур сияқты елдерден инвесторлар таптық. Алайда олардың ұсынысы бізге тиімсіз болды. Сондықтан қазіргі таңда қазақстандық инвесторларды іздеп жатырмыз. Егер сіз осы салаға үлесіңізді қосып, қаржы құямын десеңіз, мархабат. Ол үшін 8 775 412 12 83, 8 705 177 9917, 8 776 000 31 30 нөмірлеріне хабарласуыңызға болады, — дейді Бекзат Сәбитұлы.

Р.S. Пандемия кезінде халық онлайн түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажет тауарларды сатып алып, дағдыланды. Бүгінде онлайн сауда тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де өте тиімді болып отыр. Себебі сіз тауар алу үшін уақытыңызды, қаржыңызды жұмсап еш жерге бармайсыз, ал сату үшін жалға орын алып, әуре болмайсыз. Сондықтан ендігі жерде Go Sauda платформасын белсенді түрде қолданып, отандық жобаның әлемдік бренд болуына өз үлесімізді қосайық!

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ.