Жезқазған қаласының тумасы Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты

Қажылық сапардан қажымаған Талғат Жұмабеков елге тамыз айының басында оралған, деп жазады «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.

Осылайша, қайсар қазақ әлемді аралап, елімізді көпке насихаттап жүр.

Талғат Жұмабеков продюссерлік орталықта жұмыс істеген. Тіпті хореограф та болған. Артынша дүниежүзін шарлағысы келген екен. Оған мұсылман үшін қасиетті Меккенің топырағын басу басты арманы болыпты. Бірақ өзгелер сияқты айшылық алыс жерге ұшақпен жедел жете салмай, мыңдаған шақырымды велосипедпен еңсеруге бел буған.

Жиhанкездің басты мақсаты – әлемді көріп қана қоймай, Қазақстанды көпке таныту. Тіпті велосипедіне көк туымызды орнатып алған. Осылайша сапар аясында жергілікті тұрғындарға еліміз туралы айтып, оларды Қазақстанға келуге шақырады.

Бүгінгі күнге дейін Талғат 63 мыңнан астам шақырымды еңсерген. Әлемнің 49 елінде болған.

«Маған Орталық Америка қатты ұнады. Мексика, Гватемала, Колумбияда да болдым. Аңғарғаным, адамдары қарапайым әрі мейірімді. Әркез көмектесуге дайын тұрады», — дейді Талғат Жұмабеков.

Биыл Талғат қасиетті Меккеге екінші мәрте қажылыққа барып келді. Тек бұл жолы сапарын Алматы қаласынан емес, Каирдан бастады. Елге тамыз айының басында оралған.

Енді міне балалық шағы өткен Жезқанғанға да жетті. Ал болашақта белін бекем буып қос дөңгелекті көлігімен Оңтүстік Америкаға аттанбақшы.