Батыс Қазақстан облысындағы Аралтөбе ауылының тұрғындары аудан орталығымен қатынасудың қиындағанын айтып дабыл қағуда. Ауылды ауданмен байланыстырып тұрған жалғыз көпірді су шайып кетті.
«Жол жабылғаннан бері халық мұз үстімен өтуге мәжбүр. Бірақ бұл өте қауіпті, сондықтан жергілікті билік тұрғындарды сабырға шақырып, күту керектігін ескертіп жатыр», – дейді ауыл тұрғыны.
Аралтөбе мен аудан орталығының арасы 30 шақырымды құрайды. Алайда оның 5 шақырымы жүруге жарамсыз күйге түсті. Бұған Шідерті өзеніндегі судың 2 метрге күрт көтерілуі себеп болған. Елді мекен халқы үш күннен бері орталыққа жете алмай, қиындыққа тап болғанын айтады.
Ал құрылыс жұмысына жауапты мердігер компания қызметкерлері кез келген сәтте іске кірісуге дайын екендерін мәлімдеді. Бірақ олар су ағыны бәсеңдегенше күтуге мәжбүр.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, су деңгейі біршама төмендегенімен, толық тұрақталған жоқ. Ал аудан әкімі жағдайдың жіті бақылауда екенін айтты. Оның сөзінше, ауыл тұрғындары аудан орталығына басқа бағыт арқылы қатынай алады.
«Аралтөбе ауылында 864 адам тұрады. Олар Ақсай қаласы арқылы қатынап жатыр. Ауылда қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткілікті. Тәулік бойы жұмыс істейтін жедел-жәрдем қызметі де қарастырылған», – деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.
ПІКІР ЖАЗУ