Ақтөбе облысындағы су тасқыны: бөгеттің жарылуына кінәлі адамға үкім шықты

ia-centr.ru

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны кезінде «Магаджан» бөгетінің жарылуына кінәлі азаматқа сот үкімі шықты. Оқиға салдарынан үш бірдей ауылды су басқан.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, серіктестік директоры су деңгейін реттеуге қажетті шараларды қабылдамай, немқұрайлық танытқан.

Нәтижесінде, 2024 жылдың 4 сәуірінде бөгет жарылып, Табантал, Қызылту және Бескоспа ауылдары су астында қалды. Оған қоса, тұрғындардың мүлкі мен инфрақұрылымға зиян келтірілді.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, үш жыл бойы су шаруашылығы саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.