Ақтауда екі оқушыны көлік қағып кетті

Ақтауда екі жасөспірімді қатты жылдамдықпен келген көлік қағып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
12 мен 11 жастағы балаларды Шығыс-2 мен Шығыс-3 ықшам аудандарының арасындағы жолда қағып кетті. Оқиғаның қалай болғаны бейнекамераға түсіп қалған.
«Жол апатынан зардап шеккен науқастар бас ми жарақатын алған. Жағдайлары ауыр. Жансақтау бөлімінде, дәрігерлер қарап, тексеріп жатыр», — дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ықшам аудан тұрғындарының айтуынша, бұл маңда жол қауіпсіздігін күшейту қажет. Өйткені жолға жылдамдықты асырмайтын арнайы кедергілер, бейнебақылау камералары қойылмаған.