Нью-Йоркта Дональд Трамп әкімшілігі мен Илон Маскқа қарсы наразылық акциялары өтті.
Шетел басылымдарының мәліметінше, акциялар штат астаналарында және Вашингтон, Сиэтл, Орландо, Бостон, Финикс сияқты ірі қалаларда өткен. Ұйымдастырушылар Трамп әкімшілігінің «антидемократиялық және заңсыз әрекеттеріне» қарсы екенін мәлімдеді. Кейбір наразылық білдірушілер қолдарында «Бұл менің президенттерімнің күні емес» және «Президенттер күнінде патшаларға жол жоқ» деген жазулары бар плакаттар ұстап шыққан.
AP агенттігінің мәліметінше, Демократиялық партияның мыңдаған жақтастары Масктың әрекеттеріне қарсы шығып жатыр. Оның басқаратын ведомствосы мемлекеттік аппаратты қысқартуды көздейді. Агенттіктің хабарлауынша, осы аптада АҚШ Конгресі ғимараттары мен Маск басқаратын Tesla автокомпаниясының дилерлік орталықтары маңында жүздеген наразылық акциялары жоспарланған.
Кәсіпкер Трамптың шешімімен DOGE агенттігінің басшысы болып тағайындалған. Алайда бұл ведомствоның мәртебесі, сондай-ақ Масктың ондағы рөлі әлі де талқылануда. ABC News телеарнасының хабарлауынша, бір америкалық шенеунік сотқа шағым түсіріп, Маск шын мәнінде DOGE-ді басқармайтынын, тек «арнайы мемлекеттік қызметкер» және президенттің аға кеңесшісі ретінде жұмыс істейтінін алға тартқан.
Жаңа америкалық көшбасшының инаугурациясынан кейін бұл құрылым АҚШ бюджетінің шығынын кең көлемде тексеруге кірісті. Жалпы алғанда, Маск елдің мемлекеттік шығындарын 2 трлн доллар қысқартуды жоспарлап отыр.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру