«77 мың теңге»: Алматылықтар коммуналдық қызметтердің қымбаттауына наразылық білдіруде (Видео)

Фото: ldpr.ru

Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғындары коммуналды төлем едәуір қымбаттап кеткеніне наразы. Әсіресе ыстық су мен жылу құны шарықтап тұр. Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев қымбатшылық үнемдеуге үйретеді деп жауап берді.

Коммуналдық қызметтерге келген төлемдер осы айда тым қымбаттап кеткен.

«Ақпан айына түбіртек келді. Менің отбасымда төрт қана адам бар. Ал коммуналды қызметтерге 76 896 теңге келді. Сөзім жоқ, не деген ақылға қонымсыз сома. Бұл қалай болғаны? Ең көбі мен 30 мың төлегенмін. Ал мынау не? Неге барлығы қымбаттап кетті? Суға келген тарифке қарап, мен бір ай бойы баня жағып, судан шықпаған сияқты сезім туындап отыр», — деді Алматы тұрғыны.

 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от 100BAKSOFF KAZAKHSTAN 🇰🇿 (@100baksoff_almaty)

Желі қолданушылары қымбатшылық туындағанын жазып жатыр.

«Есептеуіш құралсыз адам басына суға 3090 теңге төленеді екен. Бұл туралы Алматы Су айтты. Менің жалақым 120 000 теңге, а коммуналдық қызметтерге 100 000 теңге төлеуге мәжбүрмін. Бұл деген сұмдық. Үкімет жалақы 500 мың теңге дегені өтірік. Кім алады ондай ақшаны? Біздің елде ондай айлық жоқ. Азық-түлік те қымбаттап жатыр», — деді пікір білдіруші.

«Бұл Жаңа Қазақстан. Үкімет шенеуніктер үшін барлық жағдайды жасап қойды»

«Жылу және ыстық су тарифі өте қымбат», — деп жазып жатыр халық.

Әлеуметтік желіде Әсел есімді тағы бір желі қолданушысы 2 ай үйде болмаса да коммуналдық қызметтің төлемдерін көріп жағасын ұстаған. Айтуынша, ол екі ай саяхаттаған. Бірақ үйіне оралғанда коммуналдық қызмет үшін екі айға 67 000 теңге төлеген. Қаңтар үшін 23 763 теңге шықса, ақпанда 42 354 теңге төлеген.

“Барлығы есептеуіштің кесірінен. Есептегіштер орнатылған күннен және пломбалау күнінен бастап есептемейді. Бәрі мердігердің сізге есептегіштің қай жылы қойғанына және есептеуіштің қай жылы шыққанына байланысты. Осыны мұқият тексеріңіздер. Мен қайта есептетемін бе, жоқ па білмеймін. Өйткені менің есептеуішімді жөндеуге болады. Мен мүлдем су пайдаланбап едім. Бірақ қарыз болмас үшін осынша ақша төлеуге мәжбүрмін”, – дейді Әсел Tik Tok парақшасында.

 

@kkasselyaмне теперь ещё за продление счётчиков платить 🫠♬ original sound — kkasselya


«Алматы жылу жүйесі» ЖШС жаңа тарифтерді қалай есептейтінін түсіндірді. Компанияның мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу ақысы екі кезеңге бөлінді:

  • 31 желтоқсанға дейін – ескі тариф бойынша
  • 1 қаңтардан бастап – өзгертілген тарифпен есептеледі.

Бұл екі кезеңнің төлемі “Алсеко” түбіртегінде бөлек көрсетіледі.

Еске салайық, 24 қаңтарда Қазақстанда коммуналдық қызметтер тағы қымбаттайтыны белгілі болды. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов үкіметте өткен брифингте Қазақстанда электр энергиясына тарифтері «ақылға қонымды шекте» қымбаттайнын мәлім етті.

Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев алматылықтар суды үнемдеуі үшін тарифтерді көтергенін айтты. 

Қала басшысы тұтынған су көлеміне қарай сараланған тарифтер енгізілгенін мәлімдеді. Досаев сараланған тарифтер қала тұрғындарын суды үнемдеуге үйрететініне сенімді.

«Алматы тұрғындары суды үнемдеуі керек. Бізде суды үнемдеуге қатысты мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Суды үнемдеп, қажетіне қарай жарататын адамдарға біз бекіткен нормалар молынан жетеді. Су біздің басты байлығымыз», – деді әкім.

Досаев суды өшіруді ұмытып кететін, есік алдындағы бақты ауыз сумен суғаратын адамдар бар екенін, солар үшін коммуналдық төлемдер артатынын айтады. Сондай-ақ қалада су тапшылығын болдырмау мақсатында жер асты су қорын барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

«Алматыда су қоры бар. Бірақ соның өзінде біз оны үнемдеп пайдалануымыз керек», – деді ол.