Ақмола облысында жүк пойызынан күкірт қышқылы төгілді

фото: freepik

13 мамыр күні кешкісін Ақмола облысындағы Есіл станциясы маңында жүк пойызынан күкірт қышқылы төгілді, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі өңірдің экология департаментіне сілтеп.

Челябі қышқыл зауытынан Жамбыл облысындағы Жаңатас станциясына бағыт алған жүк пойызындағы цистерналардың бірінен тыныс алу клапандары арқылы конденсат төгілген. Апат орнына дереу әк тасталып, цистерна құрамнан ажыратылып, 8 шақырым қашықтықтағы апаттық тұйыққа жеткізілген.

«Оқиға орнына жедел штаб құрылды. Оның құрамына ТЖД, экология және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Ластанған аумақты рекультивациялау ұсынылды. Цистернадағы қысым төмендеуіне байланысты ағу тоқтады. Бу қысымы мен булану қарқындылығының артуы байқалмады», – делінген хабарламада.

Газ анализаторы арқылы жүргізілген ауа сынамалары рұқсат етілген мөлшерден асқан күкірт қышқылы буларын анықтамады, деп толықтырды департамент.