Апаттан арылмайтын жылу желісі: Қарағандылықтар «қатып» қалғандарын айтып, жаппай шағымдануда

Фото: Pixabay.com

Қарағанды жылу желілерінде ірі апат болды. Тұрғындар пәтерде отырып тоңғандарын айтып, жаппай шағымдануда, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Әлеуметтік желіде қарағандылықтардың пәтерлерінде тоңып жатқандығы туралы шағымдары пайда болды. Бірнеше ауданның радиаторларындағы қысым төмендеп кеткен.

Әкімшіліктің сөзіне сүйенсек, мәселені жою жұмыстары басталып кеткен. Жылу құбырларындағы қысымның төмендеуі Восток-5, Көгілдір тоғандар және Оңтүстік-Шығыс аудандарының бір бөлігінде, атап айтқанда Гүлдер ықшам ауданы, Мұқанов көшесі, және Таугүл шағын ауданында байқалды.

«Ақау орны анықталды, жөндеу бригадалары шұғыл түрде іске кірісті. Тұтынушыларды уақытша I-кезектегі тарату құбырына ауыстыру жүзеге асырылды. Бұл кезеңде жылу беру параметрлерінің уақытша төмендеуі мүмкін. Біз жағдайды барынша жылдам шешуге тырысып жатырмыз», — деп хабарлады «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС ресми парақшасында.

Сонымен қатар, тұрғындарға тұрақты жылу беру үшін олар бірінші кезектегі жеткізуші құбырға қосылған.

Кейінірек барлық жөндеу жұмыстарының аяқталғаны хабарланды. Қарағанды облысында жылыту маусымына қатысты мәселелер Сараньдағы даудан басталған болатын. Сол кезде әкім Ермағанбет Бөлекпаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісті бақылау жасамағаны үшін Мемлекет басшысынан сөгіс алған еді.