Бельгия азаматы асырап алған 22 жастағы Жәнібек Жұмағұлов (Джани) Қазақстанда туған анасын іздеп жатыр. Әзірге анасын табу мүмкін болмай тұр. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.
«Туған анамды іздегеніме 6 айға жуық уақыт өтті. Анамдай болып кеткен Қымбат апайым (Қымбат Досжан) және әпкемдей болған Әсел және Арқалық полициясы іздеуді тоқтатқан емес. ДНҚ зерттеулері үздіксіз тапсырылып, тексеріліп жатыр. Мен үшін маңызды саналған осынау іздеу жұмыстарына атсалысқан барша жанашырларыма алғыс айтамын», — деген жазба қалдырды ол Instagram парақшасында.
Сондай-ақ Жәнібек асырап алған анасының ауырып қалғанын айтты.
«Өзіме келер болсам, кейінгі кезде жағдайым жақсы болды деп айта алмаймын. Асырап алған анамның денсаулығы нашарлап, қатты қиналып жатыр. Мен оған екеуміздің бірге жариялаған алдыңғы бейнеролигіміз үшін сіздердің жазған жүрекжарды пікірлеріңізді оқып бердім. Бірақ мұның бәрі уақытша көңілін аулау екенін түсінемін. Жоспарым туралы айтар болсам, алдағы уақытта менің балалық шағымнан (балалар үйі) хабар беретін әдемі және қызықты бейнебаян жариялаймын. Алла қолдасын, жақында өздеріңізбен қайта кездесемін деп үміттенемін!», — деп жазды ол.
Фото: Жәнібек Жұмағұловтың желідегі парақшасынан
ПІКІР ЖАЗУ