Белгілі тележүргізуші, журналист, «Mariyam» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Ләйлә Сұлтанқызы «Ана болғым келеді» хабарын өз мәресіне жеткізді, — деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде «Ана болғым келеді» хабарының соңғы бөлімі шықса да, «Mariyam» қайырымдылық қоры жұмысын тоқтатпайтынын айтты.
«Ертең «Ана болғым келеді» хабарының соңғы бөлімі шығады, бірақ, «Mariyam» қайырымдылық қоры жұмысын әрі қарай жалғастырады! Біздің мақсатымыз — балалы болуды армандап жүрген, «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасын түрлі себептерге байланысты ала алмайтын отбасыларға ЭКО арқылы көмектесу. Егер де сіз көптен бері балалы бола алмай жүрсеңіз, біздің ресми сайтымызға (mariyamfund.kz) кіріп, анкета толтырыңыз. Қорға келген әр хат қамқоршылық кеңесінің отырысында қаралып, талқыланады. Ал егер, сауапты іс жасап, бір баланың дүниеге келуіне себепкер боламын десеңіз, Kaspi.kz , Jusan Bank , Halyk bank қосымшалары арқылы, «платежи» бөлімінен қаражат аудара аласыз», — деп хабарландыру жасады Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Журналист «Ана болғым келеді» хабарында қанша әйелге қол ұшын созғанын ашып айтты.
«31 әйел, 31 тағдыр. Барлығы тағдырлас болғанымен, жүріп өткен жолдары әртүрлі. Мойымайтын, өмірдің сынағына сынбайтын біздің сүйікті пациенттеріміз. Біздің мақсатымыз – пациенттеріміздің аңсаған сәбилерін қолдарына алуы. Шүкір, бүгінде 11 сәби дүниеге келді: 5 қыз, 6 ұл бала. Тағы 10 пациентімізден сүйінші хабар күтіп отырмыз. Қалған пациенттеріміз ЭКО бағдарламаға дайындық үстінде. Мұның барлығы — ортақ жеңіс. Сіздердің қолдауларыңыз, пациенттеріміздің қайсарлығы және дәрігерлеріміздің біліктілігінің арқасында әлі талай отбасыларға үміт отын сыйлауға ниеттіміз», — деп жазды ол.
ПІКІР ЖАЗУ