Батыстағы су тасқыны жергілікті тұрғындарға оңай тиген жоқ. Қала іргесіндегі Деркөл өзені деңгейі нормадан асып, Маштаков ауылындағы 80-ге жуық үйдің тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілген еді. Тасқынға тойтарыс беруге мыңға тарта адам жұмылған. Су тасқынын сейілтуге көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарынан да құтқарушылар қолғабыс берген еді. Қазір аймақта су басу қаупі сейілген. Жағдай тұрақталып келеді. Судан зардап шеккен аймақтарға «AMANAT» партиясы да қолдан келген жәрдемін аяп қалған жоқ.
«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев бұл туралы facebook парақшасында жазды. Онда: «Халықты толғандыратын мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының бірінші кезектегі міндеті.
Өткен аптада партияның республикалық штабының мүшелері үгіт-насихат науқаны кезінде Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына барып, өңірдегі су тасқынының салдарын өз көзімен көрді.
«AMANAT» бұл жағдайды үнемі бақылауда ұстады. Сондықтан дауыс беру аяқтала салысымен, депутаттыққа кандидаттар делегациясы мен партия белсенділері су басқан үйлердің тұрғындарымен кездесіп, гуманитарлық көмек көрсету үшін осы аймақтарға қайта жол тартты.
Сондай-ақ, аманаттықтар инфрақұрылым нысандары мен жолдардың жай-күйін тексереді. Олар зардап шеккендердің барлығы келтірілген залал үшін өтемақы алып, аймақтағы жағдайды қалпына келтіру үшін қажетті көмек туралы ақпарат жинайды. Бағдарламамызда біз еліміздегі инфрақұрылымды жаңғыртуды, қала мен ауыл тұрғындарын маусымдық су тасқынынан қорғап, гидротехникалық құрылыстар жүйесінде тәртіп орнатуды көздеген болатынбыз.
«AMANAT» әрдайым халықпен бірге!» деп мәлімдеді.
Расында да батыстағы су тасқынынан біраз тұрғындар зардап шекті. Атап айтар болсақ, Батыс Қазақстан облысы Сырым мен Теректі аудандары тұрғындары эвакуацияланған еді. Қазір тұрғындар өз үйлеріне оралған. Кейбір аймақтарда әлі мәселелер түбегейлі шешілген жоқ. Су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол себепті де, су басқан аймақтардағы тұрғындармен кездесіп, гуманитарлық көмек көрсету басты назарда тұр. Осы орайда, аманаттықтардың гуманитарлық көрсету мақсатында осы аймақтарға баруы – құптарлық іс. Әлі де эвакуациялық пункттерде тұрып жатқан тұрғындарды ыстық тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз ету маңызды.
ПІКІР ЖАЗУ