Алматыда жойқын жер сілкінісі болады ма? Ozgeris.info тілшісі жақында болған бірнеше жер сілкінісіне сүйене отырып, оңтүстік астана қаншалықты дайын деген сұраққа жауап іздеді.
Белгілі саясаткер, эколог Мэлс Елеусізов «Уақыт көрсетеді» жобасында берген сұқбатында, Алматыда салынып жатқан тұрғын үйлердің жайы мен жер сілкінісі туралы айтты. Айтуынша, егер Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, 7 миллион халықтың өміріне қауіп төнеді.
Алматының жайына көшпей тұрып, жақында орын алған оқиғаларға шолу жасаған жөн.
28 наурызда Жамбыл облысының Меркі ауданында екі рет жер сілкінісі тіркелді. Бірінші дүмпу түнгі сағат 03:42- де, ал екіншісі күндізгі 15:56-да болды. Меркі ауылында жер сілкінісінің күші 5 баллға жетті.
Жер сілкінісі салдарынан Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарында 14 әлеуметтік нысан ішінара зақымданды. Оларды ішінде 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және мәдениет нысаны бар. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды бақылауға алды. Аудан тұрғындарына ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған ақпараттарға назар аудармауға шақырды.
Соңғы аптада әлемде де бірнеше жойқын жер сілкінісі тіркелді. 28 наурызда Мьянмада магнитудасы 7,7 және 6,4 балдық екі қуатты жер сілкінісі болды. 2 сәуірдегі мәлімет бойынша, жер сілкінісінен 2 800-ден астам адам қаза тапты. Қытайдың орталық телеарнасы хабарлағандай, кейінгі мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандар саны 2 886-ға жеткен. Сонымен қатар, 4 639 адам жарақат алып, 373 адам хабар-ошарсыз кеткен.
2 сәуірдегі жағдай бойынша, Мьянманың орталығында барлығы 54 афтерсілкініс тіркелген. Олардың ең жоғары магнитудасы – 7,5 балл, ең төменгісі – 2,8 балл. 28 наурызда Мьянмада 7,9 баллдық жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын.
Мандалай, Таунгу және басқа да қалаларда тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандар зақымданды. Иравади өзенінің үстіндегі Сикайн мен Ава қалаларын байланыстыратын үлкен көпір құлады.
31 наурызда Алматы қаласынан 178 шақырым қашықтықта жер сілкінісі тіркелді. Бұл оқиға қала тұрғындары арасында алаңдаушылық туғызды, бірақ айтарлықта зақым немесе жарақаттар туралы ақпарат түскен жоқ.
Айта кетейік, 2024 жылы Алматылықтардың зәресін ұшырған жер сілкінісі болған. Қала тұрғындары аяқ киім және сырт киімсіз далаға жүгіріп, кейбірі қарда тұрып киінді. Қаладан шығатын жолдарда көлік кептелісі, жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болды. Алғашқы дүмпулер түн ортасы шамасында сезілді. Алматылықтардың смартфондарындағы хабарландыру қызметі жер сілкінісінің шамамен магнитудасы 6,2 болғанын хабарлады.
«Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырымда – Қырғызстан аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15,1. Магнитудасы MPV 6,7. Тереңдігі 65 шақырым. Қабылдау қабілеті туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл, Шымкент 2 балл», — делінген хабарламада.
Жыл сайын шенеуніктер оңтүстік астананың табиғи апаттарға дайын екенін мәлімдегенімен, іс жүзінде жағдай басқаша. Кемшіліктер мен ақаулардан бас ашпайды. Қаңтардағы жер сілкінісі кезінде алматылықтар SMS хабарлама алмаған. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, SMS-хабарламаларды жедел жібергенде, тәжірибе көрсеткендей, бұл деректер қала тұрғындарына кеш жетеді. Бұл халық тығыздығымен байланысты дейді.
Жағдайды талдай келе, Алматының табиғи апаттарға тек қағаз жүзінде ғана дайын екенін байқаймыз. Ел басшысы “Алматыдағы төтенше жағдай кезінде тиісті органдар жедел шараларды қабылдауға толық дайын болмады” деп атап өтті. Сондай-ақ ол төтенше жағдайларды ескерту және жою жүйесінің материалдық-техникалық жабдықталуының әлсіздігін сынға алды. Бұл тек сейсмикалық мониторинг желісіне ғана емес, құтқарушыларды заманауи жабдықтармен, техникамен және арнайы киімдермен қамтамасыз етуге де қатысты. Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударуды тапсырды.
2024 жылғы жер сілкінісінен кейін көпқабатты үйлердің тұрғындары жер үйлерге көшуді ойластыра бастады. Кейбірі тіпті қаладан көшіп кеткен жағдайлар да болды. Шошынған халық әлі де аталмыш оқиғалардың болатынына қауіптенеді. Осы ретте Алматы қаншалықты дайын деген сұраққа сарапшылардың берген пікірін талдап көрейік.
Алматыда тығылатын жер жоқ
Негізгі жер сілкінісі зерттелген дүние. 1887 жылы алғашқы жер сілкінісі тіркелді, кейін 1911 жылы қайталанды. Ең қатты болғаны сол. Верныйда 736 кірпіш ғимарат қирап, 50-ге жуық адам қаза тапты, жүзден астамы жараланды. Ең соңғысы былтыр қаңтарда тіркелді. Алайда соңғысы халықты аяғандай болды. Өйткені ол 9-10 баллға жетуі мүмкін еді дейді сарапшы.
1911 жылы болған жер сілкінісі салдарынан Тәжікстанда тау екіге бөлініп кеткен. Қазір сол орында көл пайда болған. Егер осындай қуатты жер сілкінісі қайталанса, Тәжікстан, Ауғанстан, Түркіменстан, Өзбекстан, жалпы алғанда 7 миллионға жуық адамға қауіп төнеді. Алматының да жағдайы ауыр. Ал Үкімет ешнәрсе істеп отырған жоқ.
«Табиғи апатқа дайындалу керек. Халықтың қырылуына жол бермеу керек. Қазір не істеп отыр билік? Алматының быт-шытын шығарды. 20 қабатты үйлер салып тастады. Жел де соқпайды, оның барлығы қауіпті. Біздікілер Жапония сияқты жасай алмайды, ондай тәрбие жоқ. Ерболат Досаев келіп жағдайды түзейді деп ойлағанмын. Жоқ, келіп алып үйлерді қабаттастырып салып жатыр. Ал бізде жердің шытынаған жерлері жетеді. Оны ойлап отырған билік жоқ. Бар ойлағаны – ақша», — деп қатаң сынға алды сарапшы.

Кеңес үкіметі кезінде бес қабатты үйлер салынатын. Олардың арасы да кең болған. Адамдар далаға тез шығып кете алады, сондай-ақ үстіне ғимараттың бөлшектері құламайды.
«Қазіргі жағдайда билік адамдарға тығылатын жер қалдырмады. Оның үстіне жиырма қабатты үйлер қозғалса, лифт тоқтап қалады. «Дабыл чемоданы» дегені не ол? Адамды қорқыныш билеген уақытта оны алуға да мұршасы келмейді», — дейді Мэлс Елеусізов.
Қазақстанда төтенше жағдай қызметі өте баяу қимылдайды дейді эколог. Өрт болса да, су тасқыны болса да тиісті шаралар апаттан соң қабылданады. Сарапшының көздегені уақытша орналастыру базасы жайында.
Алматы қаласының Түрксіб ауданында жойқын жер сілкінісі болған жағдайда зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыратын «Алатау» базасы құрылды. Бұл шешім былтыр қазан айында Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Сарапшы айтқандай, бұл базаның құрылуы туралы соңғы болған жер сілкінісінен кейін айтыла бастады.
Жоспар бойынша аталмыш база 173 гектар ашық алаңда орналасады. 50 мың адамға дейін қабылдайды. Шатырлы қалашықтар, ұйықтайтын қаптар, алғашқы медициналық көмекке қажетті дәрі-дәрмектер, үш күндік азық-түлік қоры, гуманитарлық көмекті қабылдау пункттері және басқа да қосымша құрылыстар қарастырылған.
Сарапшы Алматы тұрғындарына кеңес берді.
«Менің кеңесіме құлақ асып жатқандар көп. Олар қаладағы үйлерін тастап, қала сыртындағы жер үйлеріне көше бастады. Негізі ауылдарына қайтып оралғандары өте дұрыс. Неге? Себебі ашаршылықтың ауылы алыс емес. Табиғаттың өзі соған әкеле жатыр. Егіндерді су шайып жатыр. Екіншіден, мұхиттың жағалауында орналасқан халық оны қатты түсініп отыр. Үйлері қирап, су жолындағысын шаюда. Олар көшетін болса, Ресей және Қазақстанға ағылады. Сондықтан ауылға көшіп, жерден тамақ шығаруды үйренетін уақыт келді. Ол кәсіп бола алады, отбасын да асырайды», — дейді маман.
Эколог билікке жасаған ұсынысымен де бөлісті. Айтуынша, қала тұрғындары үшін биік үйлерде төзімді темірден жасалған жәшік орналастыру керек.
«Жер сілкінісі орын алар уақытта, электромагнитті толқын деген болады. Ол сейсмикалық толқын алдында 4-10 секунд бұрын келеді. Сол уақытта жәшік арнайы дабыл сигналын соғады. Халық соны естіп, жәшікке кіріп үлгеруі керек. Оның ішінде ақшасы, тамағы, киімі алдын ала дайын жатады. Соны жасауға мүмкіндігіміз бар, қолға алу керек», — дейді маман.
Қазақстанда жер сілкінісі қауіпті аймақтар
Еліміздегі құрылыс нормаларына сәйкес, Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, жаңа ғимараттар 9 баллдық жер сілкінісіне төтеп беруге жобаланады. Алайда, кеңес дәуірінде салынған ескі ғимараттардың басым бөлігі қазіргі құрылыс нормаларына сәйкес келмейді. Сондықтан, ескі ғимараттардың қазіргі сейсмикалық стандарттарға сәйкес келмеуі Алматы қаласының сейсмикалық қауіпсіздігіне әсер етеді. Сондықтан олардың көпшілігі жаңартуды қажет етеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі кезіндегі әрекет жоспарын жасады, бірақ жергілікті деңгейде жаттығулар сирек өткізіледі. Жалпы зерттеу бойынша, тұрғындардың 60%-дан астамы жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін білмейді екен. Бұл 2022 жылғы ТЖМ сауалнамасының қорытындысы.
Сарапшының айтуынша, заманауи тұрғызылып жатқан үйлерде құрылыс материалдарын үнемдеу үшін стандарттар орындалмайды. Төзімді темірлер емес, оның орнына Қытайдың арзан дүниелері қолданылады.
2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Үкіметтің тиісті қаулысына ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Құжат еліміздің сейсмологиялық қауіпсіздігін нығайту бойынша ауқымды шараларды іске асыруды көздейді. Олардың ішінде мониторингті айтарлықтай күшейту, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, кадрларды даярлау деңгейін арттыру және тағы басқалар бар.
Осылайша, 15 сейсмикалық аудандастыру картасы әзірленетін болады, бұл еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлеріндегі жер сілкінісі ошақтарының 70 пайызын болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар аталған аумақтардағы ғимараттар мен құрылыстарды паспорттауға және жаңа құрылыс нормаларын әзірлеуге негіз болады.
Паспорттау ең осал құрылыс объектілерін анықтауға мүмкіндік береді, оларға қатысты бірінші кезекте сейсмикалық қауіптілігін төмендету шаралары қолданылады. Оның ішінде: сейсмикалық күшейту, құнды жабдықтарды қорғау немесе шығару, мақсатын өзгерту және басқалары бар.
Сонымен қатар, 285 сейсмикалық стансаны орнату, сондай-ақ қолда бар 70 стансаны жөндеу және жарақтандыру көзделген. Бұл Алматы облысында және еліміздің басқа да сейсмоқауіпті өңірлерінде сейсмикалық қауіпті сапалы болжауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде қажетті әрекет ету шаралары жедел қабылданатын болады.
Бұдан басқа, ғимараттардың құрылысы мен жұмыс істеуіне бақылауды күшейту, мониторинг әдістерін жақсарту, сейсмология саласындағы мамандарды заманауи жабдықтармен және техникалық құралдармен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде сейсмикалық қауіпті аумақтардағы азаматтардың, құрылыстар мен инфрақұрылымның қорғалу деңгейі айтарлықтай күшеюі тиіс. Сондай-ақ жер сілкінісі болған кезде мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдар тарапынан ден қою жүйесі жетілдірілетін болады.
Анықтама: сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Үкіметтің басым бағыттарының бірі, өйткені Қазақстанның сейсмикалық аймақтары республиканың жалпы ауданының шамамен 40 пайызын алады.
Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам
- Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
- Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақпен қолданбаңыз;
- Жиhаздан, терезеден, ары тұрыңыз;
- Жасырынатын жерді табыңыз – жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышында орын алып жасырыныңыз;
- Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда); көп қабатты үйлерде жер сілкінісі аяқталған соң ғимараттан шығыңыз
- Кетер алдында суды, газды, электр қуатын мүмкіндігіңізше өшіріңіз;
- Дабыл жол сандығын алыңыз ( *алдын ала дайындау қажет);*
- Электр желілерден , ғимарат, ағаштардан аулақ болыңыз;
- Жер сілкінуіне дайын болыңыз;
- Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз;
Ozgeris.info тілшісі жер сілкінісін болжайтын бірнеше арнаның сілтемесімен бөліседі.
Прогноз землетрясений по космоснимкам облачности
Наблюдение за ОСТИ по Центральной Азии
Фобос. Катаклизмы и катастрофы природы
Алайда олардың ескертулеріне құлақ асу немесе тек ресми мемлекеттік ақпарат көздеріне сену – әркімнің өз таңдауы. Ең бастысы адамның өмірі оның табиғи апаттарға қаншалықты дайын екеніне байланысты екенін ұмытпау керек, мейлі ол жер сілкінісі, су тасқыны, орман өрті немесе дауыл болсын.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру