Соңғы үш аптада Алматыдағы 35 жоғары оқу орнының 7 мыңнан астам студенті қосымша жатақханалар мен хостельдерге орналасты. Кейбір жоғарғы оқу орындары өз студенттері үшін жекеменшік жатақханалар мен хостелдерді жалға алды, ал кейбір институттар өз балансындағы ғимараттарды студенттер баспанасына айналдырды.
Мәселен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттерді Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің, Еуразиялық технология университетінің жатақханаларына қосымша орналастырды. Сондай-ақ, университет өз студенттері үшін жекеменшік жатақханалар мен хостелдерден жатын орын жалдады.
Satbayev University, Халықаралық білім беру корпорациясы, «Тұран» университеті және басқа да жоғары оқу орындары жоғары курс студенттері үшін қосымша баспаналарды, оның ішінде жергілікті кәсіпкерлерден жатақханалар мен хостелдерді жалға алды.
Айта кетейік, Алматы шаһарындағы бірінші курс студенттері жаңа оқу жылының басында толық жатақханаларға орналасты. Студенттерді баспанамен қамту мәселесі Ғылым және жоғары білім министрлігінің бақылауында тұрады.
«Біз жоғары оқу орындарымен бірлесіп студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесін шешіп жатырмыз. Студенттердің басым бөлігі баспанамен қамтылды. Ескерте кетейік, министрлікке қарасты студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабы жұмысын жалғастырып, тұрғын үйге мұқтаж студенттерге қөмектеседі. Бұл жұмыс тоқтамайды», — деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімдігі Қаржы орталығымен бірлесіп қала кәсіпкерлерімен жұмыс атқарды. Нәтижесінде, биылғы жылдың соңына дейін қолданыстағы 4 нысан 655 төсек-орынға арналған жатақхана ретінде қайта жасақталып, пайдалануға беріледі.
Бүгінгі таңда 104 азаматтық жоғарғы оқу орнында 309 жатақхана бар, онда 101 мыңнан астам студент тұрады. Еліміз бойынша 2022 жылдың соңына дейін 5000 орындық тағы 17 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.
ПІКІР ЖАЗУ