Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ХІХ Жазғы Азия Ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері және қатысушыларын қабылдады.
Кездесу басында Марат Елеусізұлы:
“Алматы облысынан Ханчжоудағы Азия Ойындарына аз спортшы барса да, қос алтын, үш қола медаль иеленді. Бұл — біз үшін қуантарлық жәйт. Алматы облысы спорттың дамуына ден қойған өңір. Бұқаралық спорттың да ілгері басуы біз үшін өте маңызды. Болашаққа мақсатымыз — тұрғындардың 50% спортпен шұғылдануы. Қазіргі көрсеткіш — 35%”, — деді.
Сонымен қатар, спортшыларымызға келер жылы Парижде өтетін Олимпиада Ойындарында да зор үміт артатынын жеткізді.
Спортшылар арасынан Азиадада стенд атудан екі алтын және бір қола медаль ұтып алған Әсем Орынбай сөз алды:
“Қытайда жақсы өнер көрсетуге кедергі факторлар болды: ауа-райы және табиғат ерекшелігі. Дегенмен, дәл осы стенд ату жарысында алғаш рет әнұранымыз шырқалды. Бұл жетістік — тұрақты, әрі жүйелі дайындықтың көрсеткіші. Алматы облысында жаттығуға барлық жағдай жасалып отыр. Байсеркедегі Асанов ату спорты базасының өзі — жоғары деңгейдегі кешен. Үздіксіз қолдауыңызға алғыс білдіремін!” — деді.
Салтанатты жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Марат Сұлтанғазиев Әсем Орынбайға 3 миллион теңге көлеміндегі сертификат табыстады. Эдуард Ещенкоға 2 500 000 теңге, қола жүллегерлер Мариан Ордабаева мен Аян Тұрсынға 1 500 000 теңгеден үлестірілді. Сонымен қатар, Азия Ойындарының қатысушылары мен жүлдегерлердің жеке жаттықтырушылары да елеусіз қалмады. Оларға 300-500 мың теңге сыйақы берілді. Владислав Мухамедиев (Әсем Орынбайдың жеке жаттықтырушысы), Константин Ещенко (Эдуард Ещенконың жеке жаттықтырушысы), Леонид Юсупов (Мариан Урдабаеваның жеке жаттықтырушысы), Имаржан Идиллаев (Аян Тұрсынның жеке жаттықтырушысы),Ертуған Зейнуллинов (бокс), Лаура Қабылбекова (жағажай волейболы), Надежда Иванченко (жағажай волейболы), Тимур Тулев (жағажай волейболынан жаттықтырушы, Игорь Рященцев (байдарка және каноэ), Дмитрий Картенбергер (байдарка және каноэдан Алматы облысының аға жаттықтырушысы).
Одан бөлек барлық спортшы және жаттықтырушыларға Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтар табысталды
ПІКІР ЖАЗУ