Алматы қаласының әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында 2,26 миллиард теңге сомасына келісімшарт жасалғаны туралы ақпарат пайда болды.
Халықаралық Transparency International ұйымының мүшесі Әсел Темірова бұл келісімшарт мемлекеттік қаражатты тиімсіз пайдалану деп дабыл қаға бастады. Қоғам белсендісі бұл мәліметтерді аталған жағдайға бейжай қарай алмаған мемлекеттік қызметкер тарапынан алған.
«Бюджет қаражаты бен мемлекеттік сатып алуларға не болып жатыр? Алматы әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы, сіздерден халықтың 2 млрд 264 млн теңгесі қайда жұмсалғанын түсіндіруді сұраймын. Қандай нақты оқыту бағдарламалары өткізілді және өткізілмек?», – деп жазады Әсел Темірова Facebook желісінде.
Ол өз жазбасында «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталовқа да үндеу жасап, бөлінген қаражаттың қалай және қайда жұмсалғанын түсіндіруді талап етті.
«Халыққа тиесілі бұл қаражаттың қалай пайдаланылғаны жөнінде ашық әрі нақты түсініктеме беруіңізді сұраймын. Бұл курстарды кім ұйымдастырды? Оларға нақты қай кәсіпкерлер қатысты? Неге бизнес-процестерді автоматтандыру мен басқару бойынша консультациялық қызметтер осыншама қымбат?», – деді ол.
Сондай-ақ, Темірова дәл осындай курстарды тегін табуға болатынын атап өтті.
«Егер кәсіпкерлер палатасының оқыту бағдарламаларына қаржы жетпей жатса, маған хабарлассын. Мен оларға толықтай тегін білім беру бағдарламаларын табуға көмектесемін»,- деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Transparency International ұйымы – жемқорлықпен күресуге және оның әлем бойынша деңгейін анықтауға бағытталған халықаралық үкіметтік емес ұйым. 1993 жылы Берлин қаласында құрылған.
ПІКІР ЖАЗУ