Алматы әкімдігі бір жылға жалға алу үшін мемлекеттік сатып алу сайтында бірден үш лот жариялады. Аталмыш лоттардың жалпы құны 59 625 892 теңге. Бұл сомаға үш жеңіл автокөлік алу жоспарланып отыр.
Бірінші байқауды Алматы қаласының білім бөлімі жариялаған. Лот бойынша 19 469 642 теңгеге көлікті жүргізушімен бірге жалға алынатын қызмет құны көрсетілген. Байқау 13-ақпан күннен 26-ақпанға дейін жалғасады.
Тауар сипаттамасында көлік 2019 жылдан ескі болмауы және жүргізушінің бес жылдық жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Сондай-ақ көлік жүргізушісі қажет болған жағдайда жүргізушінің тұрақты емес жұмыс уақытында жұмыс істеуін және демалыс және мереке күндері жұмыс істеуін, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында іссапарларда болуын қамтамасыз етуі талап етілген.
Екінші байқауды Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы орналастырған. 20 078 125 теңгеге қызметтік көлікті жалға алу жоспарланған. Байқау ақпан айының басында жарияланған. Жеткізушіге қойылатын талаптар жоғарыдай. Дегенмен, көлік 2015 жылдан ескі болмауы шарт. 10 жылдық көлік үшін бағасы удай.
Үшінші байқауды Алматы қаласы Қаржы басқармасы жариялаған. 2025 жылдың желтоқсан айына дейін қызметтік көлікті жалға алу құны 20 078 125 теңге. Жеткізуші 2022 жылдан ескі емес көлікті ұсынуы шарт. Сондай-ақ Үкімет мүшелері мен шетелдік делегацияларды қарсы алу үшін Алматы халықаралық әуежайының (оңтүстік VIP терминал) аумағына кіруге рұқсаты болуы, жеке гаражы болуы тиіс деп көрсетілген. Байқау 10-ақпан күні жарияланған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру