«Аллергия берген»: Ресей тұрғыны косметологиялық процедурадан кейін көз жұмды

Фото: SHOT телеграм арнасы

Косметологиялық процедура кезінде әйел қаза тапты Мәскеудегі косметологиялық емханалардың бірінде 40 жастағы әйел сұлулық процедуралары кезінде көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның ағзасы медициналық препаратқа жедел аллергиялық реакция берген. Бұл туралы ozgeris.info тілшісі SHOT Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, қайғылы жағдай Рубцовская жағалауында орналасқан “Титания” косметологиялық клиникасында орын алған.

“Сұлулық процедурасы барысында 40 жастағы Марияның ағзасы медициналық препаратқа аллергиялық реакция берген. Бұл жағдайды күрделендіріп, эпилепсиялық ұстамаға әкеліп соқты. Нәтижесінде әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады,” – деп мәлімдеді полиция өкілі.

SHOT арнасының хабарлауынша, әйел артық салмақтан құтылу үшін косметологиялық ем қабылдаған. Алғашқы аллергиялық реакциядан кейін эпилепсиялық ұстама пайда болып, жағдай ушыға түскен. Оған көмек көрсеткен маманның 18 жылдық жұмыс тәжірибесі бар екені белгілі болды. Марқұмның денесінен бірнеше инъекцияның іздері анықталған.

Оқиғадан кейін “Титания” косметологиялық клиникасының қызметі тоқтатылды. Қазіргі уақытта тергеу комитеті Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 109-бабы (“Кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан абайсызда өлімге әкелу”) бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.