Фристайл-акробатикадан Қазақстан қүрамасының спортшысы Асан Асылхан Харбинде (Қытай) өтіп жатқан 2025 жылғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алған еді. Бұл нәтижеге 15 жасында қол жеткізген спортшы бұл жеңісінен кейін қандай сезімді бастан кешіргенін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Өте бақыттымын. Бұл менің халықаралық деңгейдегі алғашқы медалім. 15 жасымда осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Бапкерлеріме алғысымды білдіргім келеді. Бұл спортқа мен 5 жасымда келдім. Айта кетерлік жайт, фристайл-акробатикамен менің үлкен әпкем де айналысқан. Өкінішке қарай, қазір ол мансабын аяқтады. Балалық шағымда әрдайым әпкеммен бірге спортзалға баратынмын. Кішкентай кезімнен батутқа қызығатынмын. Біраз уақыт өткеннен кейін секцияға жазылуды шештім. Менің алғашқы бапкерім Эльмира Сабировна болды. Қызық, мен бастапқыда басқа бапкерге жазылуды ойлаған едім, бірақ Эльмира Сабировна мені өз тобына шақырды. Азия ойындарында біз бапкеріміз қойған тапсырмаларды орындап, жетістікке жеттік. Алдағы уақытта FIS рейтингінде ұпай жинап, Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия аламыз. Ең басты арманым — Олимпиада ойындарында жүлдеге қол жеткізу. Алда көп жұмыс тұр, бірақ бапкеріміздің басшылығымен біз одан әрі дамып, нәтижелерімізді жақсартып, ілгері жылжуға тырысамыз», — деп айтты Асылхан.
Айта кету керек, Азиадада аралас командалық турнирде фристайл-акробатикадан ел намысын 2025 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері Аяна Жолдас, сондай-ақ Шерзод Хаширбаев пен Асылхан Асан қорғады. Фристайлшылар Қазақстанға 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарындағы сегізінші медалін әкелді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру