Александр Винокуровтың екі ұлы «Astana Qazaqstan Development Team» велоқұрамына қосылды

UCI «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының жастар жобасы болып табылатын «Astana Qazaqstan Development Team» құрлықтық командасы 2022 жылғы дебюттік веломаусымға өз құрамын жариялады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Естеріңізге сала кетейік, қарашаның бірінші онкүндігінде «Astana Qazaqstan Team» басшылығы 23 жасқа дейінгі шабандоздарды іріктеу үшін UCI құрлықтық командасын құру туралы шешім қабылдаған болатын.

Жастар велоұжымының 2022 жылғы жаңа маусымдағы басты мақсаттарының бірі Еуропадағы ең беделді жастар жарыстарында өнер көрсетіп, бірқатар кәсіби деңгейдегі велододаларға қатысу болмақ. Бірақ құрлықтық велокоманда UCI «Europe Tour» сериясының жарыстарына ғана қатыса алады.

Қазақстандық велокоманда ресми сайтының хабарлауынша, келесі маусымда «Astana Qazaqstan Development Team» құрлықтық командасының негізгі құрамына он шабандоз кіреді. Олардың бесеуі Қазақстанның, тағы бесеуі – Италия, Эквадор, Колумбия, Франция және Латвияның намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ жастар командасының қазақстандық қатысушылары арасында «Astana Qazaqstan Team» бас менеджері, танымал қазақстандық велошабандоз Александр Винокуровтың екі ұлы – 19 жасар Александр Винокуров және Николя Винокуров та бар.

«Astana Qazaqstan Development Team» құрамына жасөспірімдер арасындағы топтық жарыста Азия чемпионатының (2019) және 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Қазақстан чемпионатының (2021) қола жүлдегері Өркен Сламжанов, жасөспірімдер арасындағы жеке жарыста Қазақстан чемпионы (2021), жасөспірімдер арасындағы топтық жарыста Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2021), көпкүндік «Кайсери Джуниор Рэйс» және «Вело Эрсиес Джуниор Рэйс» жарыстарының жеңімпазы (2021) Андрей Ремхе, қазақстандық жастардың шетелдік қатысушыларынан 23 жасқа дейінгі жеке жарыста Эквадор чемпионы (2021), 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Эквадор чемпионатының күміс жүлдегері (2021), «Вуэльта Коста-Рика» кезеңінің жеңімпазы (2019), «Вуэльта Гватемала» (2020) екі кезеңінің жеңімпазы және «Вуэльта Эквадор» (2020) қола жүлдегері Харольд Мартин Лопес те кіргенін атап өту қажет.

Сонымен бірге қазақстандық командада «Джиро Валле д ‘Аоста» көпкүндік жарыстарының күміс жүлдегері (2021), жасөспірімдер арасындағы топтық жарыстың Италия чемпионы (2019) және «Трофео Буффони» біркүндік жарысының жеңімпазы (2019) итальяндық Джанмарко Гарофоли, «Сент-Ромен Гран-при» біркүндік жарысының қола жүлдегері (2021), «Вуэльта а ла Суббетика» көпкүндік жарысының қола жүлдегері (2020) өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Тур Ду Жеводан Окситания» бір күндік жарысының (2020) жеңімпазы Француз Пабло Санчес пен жасөспірімдер арасындағы топтық және жеке жарыста Латвия чемпионы (2021) Матис Калвершс, велокросс бағытына машықтанған итальяндық шабандоз Давиде Тонетти қосылмақ.

«Менің ойымша, біз жас велошабандоздардың оңтайлы әрі теңдестірілген құрамын жинай алдық. Олардың көпшілігінде ең жоғары деңгейдегі жасөспірімдер мен жастар жарыстарында өнер көрсетудің маңызды тәжірибесі бар. Жаңа команданың дебюттік маусымы сәтті болады деп үміттенемін», — деп сөзін қорытты «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров.

«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ