«Алатау» дәстүрлі өнер театры жергілікті әкімдіктің арнайы шақыруымен айтыскер ақын Жандарбек Бегімбетовтің 60 жылдық мерейтойына орай тұнған тарих Жаркент жеріне гастрөлдік сапармен барды. Көрермендер Театрдың қоюшы режиссері Нұржан Тутовтың жетекшілігімен сахналанған «Алтыбақан» ойын-сауық ән кешін (авторы: Ардақ Беркімбай, режиссері: Жұлдызбек Жұманбай) ыстық ықыласпен қабылдады.
«Ән – халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі», – дейді Жамбыл Жабаев. Әннің де өз құдіреті бар екені сөзсіз. «Алтыбақан» ұлттық ойыны – қазақ жастарының ертеден келе жатқан кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра тартып, айтыс өткізіп, би билеп, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтеріп, ойын-сауық құратын кеші. Осы ұлттық ойынның төңірегінде әуелеткен дәстүрлі ән мен күмбірлген күй, билеріміз бір-бірімен астасып, ойын-сауық ән кеші ұсынылды. Ұлтымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен қазақтың дәстүрлі ән өнерінде орындаушылық, әуендік, құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты шартты түрде бірнеше мектеп қалыптасқанын білеміз. Бұл кеште бес мектеп бойынша (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарғыбатай) попури айтылды. Көкбай Жанатайұлының сөзіне жазылған Алаш Ордашылардың гимні де шырқалғанын ерекше атап өткен жөн.
Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі
ПІКІР ЖАЗУ