Абырой болғанда ұшақта жолаушылар болмаған, деп хабарлайды ozgeris.info.
Әзербайжанның Баку қаласынан Ақтауға ұшып келген ұшақтан ақау табылды. Бұл жайтқа қатысты ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі пікір білдірген.
– Ұшақ штаттық режимде қонды, алайда қонғаннан кейін әуе кемесінің алдыңғы жағындағы тіреуішінде мәселе пайда болды, – деп жазылған ресми хабарламада.
Әуе кемесін ұшу-қону жолағынан сүйреп шығарғаны да белгілі болып отыр. Министрлік өкілі әуежайдың қазіргі уақытта ашық екенін және штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Азаматтық авиация комитеті бұл оқиғаның сағат 09:04-те болғанын мәлімдеген. Сондай-ақ, ұшақ маркасы да ашық айтылды. Gulfstream жеке ұшағындағы ақау әуе кемесінің алдыңғы бөлігінен шыққан. Ол – ұшақ үшін өте маңызды қызмет атқаратын құрылғы. Яғни, әуе кемесінің жүруі мен ұшып-қонуының тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырады.
Комитет өкілдері ASG Business Aviation LLC әуе компаниясының G450 ұшағының штаттық режимде қонғанын айтады. Десе де, ұшақ экипажы шассидің тіреуішін басқаруда қиындықтарға кезіккен. Сондықтан да, әуежайдың сүйреткіш техникасы шақырылып, ұшақ тұрақ орнына жеткізілген.
ПІКІР ЖАЗУ