Ақтауда тағы бір мектеп «миналанған»: шақыру жалған болып шықты

Фото: Lada.kz

Ақтау мектептерінің біріне салынған бомба туралы хабар 16 қаңтарда таңертең кезекшінің пультіне келіп түсті. Аумақты тексергеннен кейін арнайы қызметтер жарылғыш құрылғыны таппады. Полицейлер жалған шақыру жасаған күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Lada.kz мәліметінше, әңгіме қаланың 33 шағын ауданында орналасқан № 33 мектеп туралы болып отыр. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға бойынша ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Полиция қызметкерлері кинологтармен бірлесіп мектеп ғимараты мен іргелес аумақты мұқият қарап шықты. Қауіпті заттар мен жарылғыш құрылғылар табылған жоқ», — деп хабарлады Маңғыстау облысының ДП.

Облыстық полицияда хабарлағандай, іздестіру барысында күдіктіні анықтап, ұстау мүмкін болды. Ол бұрын бірнеше рет сотталған 1995 жылы туған ер адам болып шықты. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылды.