Ақтау тұрғындары 76 жастағы зейнеткерді қорғауға шықты

Бейнеден кадр

Ақтауда 76 жастағы зейнеткер Сүлеймен Қоқановтың сот шешіміне қарсы науқан басталды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Зейнеткерге тиесілі «Қарамандыбас-2» карьерін сатуға байланысты дау сот залында басталып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен аяқталды. Жәбірленуші Нұрпейіс Сәриев сотта Қоқановқа 73 миллион теңге екі траншпен бергенін дәлелдеуге тырысты. Бұл дәлелдер қатарында аудио және видео жазбалар ұсынылған.

Сот шешімі үш мәрте қайта қаралды. Соңғы рет Маңғыстау облыстық соты Сүлеймен Қоқановты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 5 жылға соттады. Қоқановтың жақтастары бұл шешіммен келіспей, әлеуметтік желілерде науқан ұйымдастырып, зейнеткердің бостандыққа шығуын талап етіп жатыр.

Сонымен қатар, сот ісінде қарама-қайшылықтар көп болған. Мысалы, Нұрпейіс Сәриев ақша берген күнді жұма деп көрсетсе, бұл күн сейсенбі болған. Ал Сәриев айтқан «келіннің ақша алғаны» туралы айыптауларға келіні Гүлнар Қоқанова жауап беріп, мұндай оқиғаның болмағанын мәлімдеді.

Бұл іске қатысты талқылаулар әлі де жалғасуда, ал Ақтау тұрғындары әділдік талап етіп отыр.