«Ақша керек емес, атақ керек». Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионын жекпе-жекке шақырды

Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) әлеуметтік желіде жазба жариялап, WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы доминикандық Карлос Адаместі (24-1, 18 КО) қайта жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Бұған дейін де қос боксшы рингте айқаспаса да Twitter желісінде бірін-бірі «жұлып жеген» болатын.

«Менің Аустралиядағы жекпе-жекте қанша сыйақы алатынымды бәрі біледі. Маған ақша маңызды емес! Маған атақ маңызды! Бокс – бұл бизнес емес. Бұл – спорт. Чемпион чемпионмен төбелесуі керек!

Карлос, мен 4 қазан күні Аустралияда жұдырықтасамын. Сенен келісімшарт күтемін. Қаңтар немесе ақпанда айқас ұйымдастырайық. Келісімшартты жібер», — деп жазды Әлімханұлы.

Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы. Ол 4 қазан күні жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) кездесу өткізеді. Айқас Сиднейде (Аустралия) өтеді.

АҚПАРАТ 1BOL.KZ САЙТЫНАН АЛЫНДЫ