«Айына 2,5 млн»: Үкімет басшылығының жалақысы елдегі орташа жалақыдан 6 есе жоғары

Фото: nur.kz

Қазақстанда шенеуніктердің орташа айлық жалақысы қанша екені белгілі болды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Үкімет басшысы мен оның орынбасарлары орта есеппен 2 460 301 теңге жалақы алады.

Премьер-министр кеңесінің басшысы мен оның орынбасарларының да табысы жоғары. Былтыр олар бюджеттен орта есеппен 1 880 600 теңге алған.

Үкімет басшылығының жалақысы қазақстандықтардың орташа жалақысынан 6 есе жоғары. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылы республика бойынша жалақы 390 мың теңге болған.

Министрлердің жалақысы қанша?

Қазір Үкімет құрамында 21 министрлік бар. Министрлер мен олардың орынбасарлары орта есеппен ай сайын 1 520 180 теңге алады.

Әкімдердің жалақысы қызмет деңгейіне байланысты

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мен олардың орынбасарлары — 1 689 956 теңге;

Облыс орталықтарының әкімдері — 836 900 теңге;

Облыстық маңызы бар қалалар, аудандар мен қалалардағы аудан әкімдері — 1 099 549 теңге;

Аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер мен шағын елдімекендердің әкімдері — 443 046 теңге жалақы алады.

Парламент

Мәжілісте 98, сенатта 50 депутат бар. Сенат депутаттары ай сайын 1 132 500 теңге, ал мәжіліс депутаттары 1 257 040 теңге жалақы алады.

Өзге мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы:

Жоғары сот кеңесінің төрағасы — 1 066 600 теңге;

ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылығы мен олардың орынбасарлары — 1 108 638 теңге.

Қазақстанның төтенше және өкілетті елшілері — 515 617 теңге;

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы мен мүшелері — 486 000 теңге;

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл — 398 700 теңге.