«Айлық, зейнетақы және жәрдемақы өседі, көлеңкелі кәсіптің жолы кесіледі»: ҚҚС көтерудің тиімді тұстары қандай

Фото: Pixabay.com

Күні кеше Мәжілісте Салық кодексінің жобасына Үкіметтің жаңа бастамаларын талқылау тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде қарастырылған негізгі мәселе қоғам талқысына түскен ҚҚС-ның мөлшерлемесін көтеру болды. Осы тұста ozgeris.info тілшісі ҚҚС көтерілген жағдайда қандай оң өзгерістер күтіп тұрғанын қарастырып көрді.

ҚҚС мөлшерлемесін неге жыл сайын біртіндеп көтермеске? Сол кезде халықтың да, кәсіпкердің де қалтасынан қақпайтын еді деген көпшілік көкейінде жүрген бір сауал бар. Депутат Азат Перуашевтің сөзінше, жоғарыдағыдай шешім бұрын қарастырылған. Алайда одан келер пайда аз.

«Біз түрлі нұсқаны есептеп көрдік. Жыл сайын ҚҚС мөлшерлемесіне 1 пайыз ғана қосып көбейту моделін де қарадық. Жыл сайын екі пайыз қосып та есептеп көрдік. Бірақ ондай жолдың әсері болмайды. Қазіргі модельді жайдан-жай есептеп шығарған жоқпыз. 28 трлн теңге шығысымыз болады де отырмыз. Жыл сайын біртіндеп өсірсек, бюджеттегі саңылауды жаба алмаймыз, мемлекеттің міндеттемелерін орындай алмай қаламыз», — деді вице-министр.

Ал белгілі экономист Алмас Чукин салық кодексіне қазірден бастап өзгерістер жасамасақ, алдағы күніміз қиын болады деген пікірде. Яғни, бүгінгі күнмен өмір сүрмеу керек. Келер жылдардағы жағдайды тұрақтандырып, сенімді болашақ қалыптастыру үшін қолымызды қазірден сермеген жөн.

«Жаңа кодексте ұсынылғандарға келсек, мен оны қолдаймын. Теңестіру керек дегенді баяғыдан айтып жүрмін. Өйткені 5 жылдан кейін бүкіл болжамдар бойынша күйреуге жетеміз. Әлеуметтік-қаржылық схемада толықтай тоқырау болады. Сондықтан қазірден бастап түзету керек. Тіпті қазір көріп отырған салық түсімін есептегеннің өзінде шығыс пен кірістің теңгерімін 10 трлн теңгеге дейін ажыратуға болмайды», — деді ол.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған жаңа кодексті әлі жетілдірмесе, реформа бюджет тапшылығы мәселесін шеше алмауы да мүмкін.

«Салықтан 3-4 трлн теңге ғана жинауды көздеп отыр. Мемлекеттік борыштың өсімі жалғасатын түрі бар. Бюджет тапшылығы да сақталады. Яғни, 10 трлн тапшылықтың 5-6 трлн теңгесі жабылмай қалайын деп тұр. Сонда қарыздарды жабу да жоспарда жоқ. Әзірге жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру қолымыздан соншалық бір келіп жатқан жоқ. Ал қарыздарды үш жылдың ішінде екі есе арттыру қолымыздан келген. Әр үш жыл сайын мемлекет борышының көлемі 2 есе өсіп келеді», — деді сарапшы.

ҚҚС мөлшерлемесі көтеріледі деп қорқудың қажеті жоқ. Егер мәселенің байыбына барар болсақ, мөлшерлемемен қатар айлық пен әлеуметтік төлемдер де өседі. Өйткені бүгінгі есеп бойынша, төлемдерді индекстеуге 800 млрд теңге бөлінеді.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин  айтты.

«ҚҚС 16 пайыз болса, қосымша 4-5 трлн теңге жинаймыз. Сол ақшаның есебінен шынымен мұқтаж адамдарға айлық пен зейнетақыны, жәрдемақыларды индекстейміз. Есептеп көрдік, шамамен 800 млрд теңге бөлеміз. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында базалық инфляция 7-8 пайыз болып белгіленген. Оған қосымша 3 пайыз инфляция болады деп отырмыз. Сонда шамамен 11 пайыз көлемінде. Біз онсыз да жыл сайын инфляцияны индекстеп келеміз. Бұл жолы осы қосымша үш пайыз инфляцияны индекстейміз. Сонда айлық пен зейнетақыға, жәрдемақыларға 3 пайыз индекстеу болады», — деді Азамат Әмрин.

Ал Премьер-министр Олжас Бектенов ҚҚС көтеру салықтан жалтаруды болдырмайды дейді. Себебі бүгінгі таңда кәсіпорындардың тек 4%-ы ҚҚС төлесе, қалғаны көлеңкелі бизнеспен айналысып отыр.

«Көптеген компания салықтан жалтару үшін бизнесті жасанды түрде бөлшектейді, бұл ҚҚС-тың қалыпты есепке жатқызылуын қиындатады және оның мәнін бұрмалайды. Бұған қоса, бұл жосықсыз бәсекелестік тудырады. Осыған байланысты ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 20 000 АЕК-тен (79 млн теңгеден) 3 800 АЕК-ке (15 млн теңгеге дейін) дейін төмендету ұсынылады. Бұл арқылы бизнесті бөлшектеуден туындайтын шығын ықтимал пайдадан асып түсетіндей жағдай жасалады. Нәтижесінде нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайлар қамтамасыз етіледі. Ал салықтан жалтару схемалары тиімсіз болып қалады», — деп түсіндіреді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелде қосылған құн салығы бойынша есепке қою шегін төмендету туралы да айтылды. Есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылып, шығындарды бөлшектеу құны бөлшектеуден түсетін пайдадан асып түсетін жағдайлар жасалады. Бұл бизнес үшін тең жағдай жасайды, жалтару схемаларын болдырмайды. Үкімет мәселеде халықаралық тәжірибеге бағдарланып отыр.

Қосылған құн салығынан келер тиімді есепке алмай, даурығудың қажеті жоқ. Себебі билік басындағылар сарапшылармен келісе отырып, ең оңтайлы шешімді қарастырып жатыр. Осы орайда депутат Дания Еспаева кешегі Мәжіліс отырысында артық қыспақтан аулақ болып, ең алдымен ыңғайлы жағдай жасай алу маңызды екенін  алға тартты. Депутат өткен айда Үкімет Мемлекет басшысына салық-бюджет жүйесіне қатысты шаралар кешенін ұсынғанын еске салды.

«Бір жағынан артық салық қысымына жол бермей, кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасауды, екінші жағынан салық жүйесінің ашық болуы және бюджет кірісін арттыруды қамтамасыз ету керек. Қоғамдық талқылау аясында 20 ақпанда Үкімет Мәжіліске Салық кодексінің жобасы бойынша жаңа бастамаларын енгізді. Қазірдің өзінде депутаттық корпус ұсыныстарды зерделеп, ықтимал салдарын талдап, негізгі мәселелерге әртүрлі көзқарастарды қарастыруда», – деді Дания Еспаева.

Мәжілісте Салық кодексінің жобасына Үкіметтің жаңа бастамаларын талқылау тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында Үкімет қосылған құн салығының мөлшерлемесіне қатысты өз ұсынысын айтты. Ұсыныста 10% мөлшерлемені денсаулық сақтау саласы үшін қолдану керек екендігін жеткізді. Осылайша ел арасында тараған ҚҚС көтерілсе, адыраспанмен емделуге көшеміз деген қорқыныш ұсыныс қабылданатын болса жоққа шықпақ.

Үкімет келесі тетіктерді ұсынып отыр. Жалпы белгіленген мөлшерлеме – 16%, АӨК-ті ҚҚС-тан толық босату, бірқатар салалар үшін 10 % мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме.

Вице-министр 10% мөлшерлемені денсаулық сақтау саласы үшін қолдануды ұсынды. Айтуынша, тағы да қосылу тиіс қызмет түрлері бойынша ұсыныстар талқылауды қажет етеді.

Министрлік 16%, 10%, 0% және салықтан босатуды ұсынып отыр.

Еске салсақ, 20 ақпанда Мәжіліске Салық кодексінің түзетілген жобасы енгізілген еді. Бүгін сол құжатты пысықтайтын Мәжілістің жұмыс тобы іске кірісті.

Кодекстің жаңа редакциясындағы негізгі түзетулер мыналар:
➤ Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету – 20 000 АЕК (78,6 млн теңге) 3 800 АЕК (15 млн теңге) дейін;
➤ Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру – 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;
➤ Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу – тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады.