Айгүл Құспан: Қоғамда алауыздық тудыратын әрекеттерге жол бермеуіміз керек

фото: parlam.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тіл және ұлттық келісім мәселесіне ерекше назар аударды. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан да қоғамға үндеу жасап, кей азаматтардың теріс әрекеттеріне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Qaz365.kz порталына сілтеме жасай отырып.

Депутат Мемлекет басшысының: «Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да» – деген сөзі елдегі татулық пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.

– Қоғамда әдейі араздық туғызып, тіл білмейтін отандастарымызды немесе мұсылман орамал таққан қыздарды келемеждеп, “арапқұл” деген сияқты қорлау әрекеттеріне барушыларға түбегейлі қарсымын. Мұндай теріс қылықтарды доғару керек, – деді Айгүл Құспан.

Ол қазіргі күрделі кезеңде халық бірлік пен татулықты сақтап, бірге дамуға ұмтылуы қажет екенін айтты.

– Президентіміздің: «Елдің бірлігі мен татулығы – басты құндылығымыз. Бұл – мемлекеттік саясаттың негізі, әрі болашақта да солай болмақ» – деген сөзімен толық келісемін, – деп қорытындылады депутат.