Абай облысы Аягөз ауданы Ақшәулі ауылының үш тұрғыны аспалы көпірден құлап қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі сұрап білді.
Ақшәулі ауылының үш тұрғыны 15 сәуір сағат таңғы 6 шамасында мал іздеуге шыққан. Олар Қаракөл өзенінен аспалы көпір арқылы өтпек болғанда құлап кеткен.
«Мадияр шаруа қожалығы өздері қолдан жасаған аспалы көпір бұл. Көпірден өтпек болған үш адамның өздерімен бірге мотоциклдері болған. Алайда көпір ауыр салмақты көтере алмай құлап кеткен», — дейді Шәуілді ауылының әкімдігі.
Бұл суыт хабар жергілікті әкімдікке түсте 13:15-те жетеді. Бірақ адамдардың құлап кеткені туралы ешкім білмеген.
«Естіген уақыттан жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар, полиция қызметі шақыртылды, еріктілер қосылды. Марқұм болғандар ауыл шаруашылығымен айналысатын. Әкімдікке көпірдің құлағаны туралы Мадияр шаруа қожалығының адамдары айтты. Бірақ олар адамдардың құлағанын көрмеген», — дейді әкімдік мамандары.
Қазіргі уақытта үш адамның да мәйіті табылды, ал олардың мотоциклдері әлі табылмады, дейді ведомство.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру