Маңғыстау облыстық мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау басқармасы Ақтау қаласында салынып жатқан үйдің қабатаралық плиталарының құлауына қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
«Құрылыс нысаны Ақтау қаласының 29А шағын ауданындағы №130/9, №130/13, №130/14 жер учаскелерінде орналасқан. Құрылыс нысанын салушы — «Caspian Mega Construction» ЖШС». Аталған нысанға қатысты сәулет-жобалау тапсырмасы, келісілген үлгілік жобасы, жұмыс жобасына жеке сараптаманың оң қорытындысы және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасы бар. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 68-бабына сәйкес құрылыс кезінде негізгі талаптар сақталған», — деп атап өтеді басқармадан.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға орнына барған облыстың бас мемлекеттік құрылыс инспекторы орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының сәйкестігіне, пайдаланылған материалдардың, бұйымдардың сапасына тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған. Себебі нысанға сапасыз материалдар қолданылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары заң бұзушылықтармен жүргізілген болуы ықтимал.
«Сонымен қатар оқиғаның екі күн бұрын орын алғанын хабарлаймыз. Дегенмен, бүгінге дейін техникалық қадағалаудан ақпарат келіп түскен жоқ», — деді басқармадан.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам құлаған плитаның астында құжаттары мен заттары қалғанын айтады.
«Мынау менің жатқан жерім. Құжаттарым, барлық заттарым осы жерде еді. Бетон құлады, еш затым қалмады. Құдайдың өзі жар болды, қазір ғана осының астынан жұмысқа шығып кетіп едім», — деді жұмысшы.
ПІКІР ЖАЗУ