Қобда аудандық сотында төрт мұғалімнің өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты сот отырысы басталды. Сотталушы қатты өкінетінін, жағдайдың қалай болғанын өзі де анық білмейтінін айтты, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
Самара-Шымкент тасжолындағы жол-көлік оқиғасы биыл маусым айында болды. Онда көлік жүк көлігіне соқтығысып, төрт мұғалім көз жұмды. Кейін Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша айып тағылған жүргізуші қамауға алынды.
Сот Қобда аудандық сотында бүгін басталды. Сот отырысы кезінде айыптау актісі оқылды. Ал сотталушы оқиғаның мән-жайы қалай болғанын анық түсіндіріп бере алмады.
«Сол күні таңғы сағат 6:30 шамасында шыққан болатынбыз. Жалпы, ұйқым қанып шықтым, ішпегенмін, бәрі жақсы болатын. Жымпитыдан жанар-жағармай бекетіне соққанымыз есімде бар. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Болған жағдайдан кейін ауруханада есімді жидым. Екі күн жансақтау бөлімінде жаттым. Не болғанын білмеймін. Болған жағдайға қатты өкінемін, жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Әдейі емес, абайсызда болған жағдай. Бұл жағдай кім-кімге де оңай болған жоқ. Осыны ойлап ұйқы жоқ, күні-түні. Бұрын-соңды тасымалдап жүргенмін. Табыс көзім сол. Тек басқа өңірлерге шығып көрген жоқпын, бірінші рет еді», — деді сот отырысы кезінде жүргізуші Асылжан Коштан көзіне жас алып.
Айта кетейік, сот отырысына жәбірленушілер мен олардың туған-туысқандары қатысып жатыр.
ПІКІР ЖАЗУ