Ақтөбеде лифт шахтасына құлап кеткен жұмысшы құтқарылды

Ақтөбеде салынып жатқан көпқабатты үйдің лифт шахтасына жұмысшы құлап кетті. Ол ауруханаға жеткізілді.

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, шақырту түскен жерге жедел-құтқару жасағы жіберілді. Оқиға Ақтөбе қаласындағы 12 шағын ауданда болды.

— Құтқарушылар арнайы зембілдің көмегімен зардап шегушіні ғимараттан шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Оған жедел құтқару жасағының құтқарушылары Николай Кротов, Ғалымбек Әбдіжамілов, Шыңғыс Мұқаев көмектесті, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевтің айтуынша, зардап шеккен адам бірден көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілді. Оған ми шайқалуы, бас жарақаты диагнозы қойылды. Сонымен бірге кеуде тұсының жабық жарақатын алған, қолы сынған.

Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі