Ақтөбеде пияз, картоп, сәбіз бағасы өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті хабарлады.
Ақтөбе қаласы бойынша бір аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына кіретін бірнеше көкөніс бағасы көтерілді.
— Пияз 18,9 пайызға, картоп 3,5%, сәбіз 3% көтерілді. Ал қарақұмық жармасы 2,4%, бірінші сұрыпты бидай ұнының келісіне 1,2% өсті. Сонымен бірге қырыққабат, күріш, жұмыртқа, сүзбе, айран бағасы төмендеді, — деді Ұлттық статистика бюросы Ақтөбе облыстық департаментінің басқарма басшысы Шара Нұрпейісова.
Айта кетейік, қазір базарда қызанақ келісі 700-850 теңге, ал қияр 500 теңге. Ірі супермаркет, гипермаркетте қияр бағасы шамамен 600 теңге болса, қызанақ 900-1000 теңге. Ал картоп бағасы келісіне орташа есеппен 120-130, пияз 120-140 теңге. Қырыққабат келісі кей базарда 100 теңге болып тұр.
Еске салсақ, Ақтөбеде тұрақтандыру қорының өнімдері де сатуға шығырылған. Онда картоптың келісі 96 теңге, қырыққабат 84 теңге болды. Сонымен бірге қалада әлеуметтік тауарлар сататын 17 арнайы орын бар. Мұнда талап бойынша баға базардан 10-15% төмен.
Фото: arasha.kz
ПІКІР ЖАЗУ