Ақтөбе облысы бойынша әлі де тасқын қаупі жоғары аудандар бар. Қазір бірнеше ауданда 230 адам эвакуацияланды.
Ақтөбе облысында жаңбыр жауып, қарғын су тез еріп жатыр. Әрі ауа райы жылы. Қазіргі кезде кейбір ауданда тасқын қаупі сейілсе, кейбірінде күшейе түсті.
«Темір ауданында қазір қауіп сейілді. Енді Мұғалжар ауданында Жем және Темір өзендері көтеріліп, қауіп төніп тұр. Жағабұлақта 180 адамды эвакуациялау қажет болды. Олар мұнай компаниясының вахталық қалашығына орналастырылды. Сол 180 адамның 93-і бала. Одан бөлек Жем өзенінің көтерілуінен Бірлік және Шеңгелші ауылдарына да қауіп төндіріп тұр. Ол жерде жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар қызметі бірігіп, үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен бірге Ойыл ауданындағы Амангелді ауылына қауіп төніп тұр. Ол жерде де бөгетті нығайту жұмысы жүріп жатыр», — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.
Сонымен бірге Мәртөк ауданы Сарыжарда қарғын су қауіп төндіріп, түнде 30 адам эвакуацияланған. Олар эвакуациялық пунктке емес, туыстарының үйіне орналастырылды. Мұндай жұмыс Шалқар ауданында да атқарылды. Жалпы Ақтөбе облысы бойынша барлығы 230 адам эвакуацияланды. Сонымен бірге 32 мүйізді ірі қара да эвакуацияланды.
«Ақтөбе қаласында да еріген қар суы көбейіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдары мен төтенше жағдайлар қызметі күндіз-түні жұмыста. Қазір 6655 әскери бөлімінен 100 адам дайындалды. Сонымен бірге Темір ауданына жіберілген 20982 әскери бөлімінен 54 адам адам мен 6 техника кері шақырылды. Олар да алдын алу жұмыстарына жұмылдырылады», — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.
Айта кетейік, Ақтөбенің барлық ауданында әлі де қауіп сейілмей тұр. Барлығы 120 мың текше метр су сорылды. 20 мыңнан астам қапқа құм толтырылып, төселіп, 3 мың тоннадан астам инетті материал тасылды. Қазір аудандар бойынша барлығы 10 үйге су кірген. Облыстық ТЖД хабарлауынша, бесеуі Темір, төртеуі Шалқар, біреуі Мұғалжар ауданында. Сонымен бірге 61 ауланы су басты. Адаммен қатар мал да эвакуацияланып жатыр.
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД
ПІКІР ЖАЗУ