Астана қаласында өткен «Investment Aktobe-2022» VII Халықаралық инвестициялық форумы аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Omtis Ortadoğu Makina компаниясының құрылтайшысы Ибрагим Гүлтекин қант зауытының құрылысы жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.
Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықты отандық өніммен толықтыру жөніндегі тапсырмасы аясында Батыс Қазақстанда қант қызылшасынан түйіршіктелген ақ қант өндіру бойынша ірі жоба жүзеге асырылмақ.
Қант зауытының құрылысы — Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі, өйткені, еліміздің, атап айтқанда, Ақтөбе облысының нарығы импортқа тәуелді.

Айта кетейік, форумға 30-дан астам елдің дипломатиялық миссиялары, Үкімет мүшелері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, қаржы институттарының, трансұлттық корпорациялардың басшылары, шетелдік және отандық ірі бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Халықаралық шара өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілету, сондай-ақ Ақтөбе облысының экономикасына ішкі және шетелдік инвестициялардың ағынын одан әрі тарту мақсатында ұйымдастырылды.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру