Танымал блогер Балқия Балтабайдың «садақа деп ақша салсаңыздар дұға жасаймын» деген сөзі көпшіліктің сынына қалды. Бұл оқиғаға байланысты исламтанушы мамандар 1001 түн бағдарламасында пікір білдірді, деп хабаралайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Маған бүгін бір идея келді. Мен мына жерде Kaspi көрсетіп, эфирге шығамын. Салған адам салдым дейді, енді өтірік айтпайтын шығарсыздар. Салдым деп, дұғаларыңызды жазасыздар. Мен эфирге шыққан кезде қағбаға қарап тұрып, сол дұғаларыңызды оқып беремін. Мен бармын, қыздарым бар, кезекпен оқып береміз. Бірақ, біліңіздер, уайымдамаңыздар, жаман ой келіп тұрса бірден айтайын, бұл берген садақаларыңыздың бір тиыны да менің қалтама түспейді. Сондықтан, өзіңіз ниет етіп, садақыңызды аударыңыз, — дейді блогер видеода.
Исламтанушы маман діннің монетизациясы кейінгі кездері үлкен мәселеге айналғанын айтады.
Кітаптарда құлшылық үшін, ақырет амалдары үшін, Құдайға жақындататын ғибадат амалдары үшін ақыны талап ету бар ма, жоқ па?, деген үлкен тақырып. Негізінде діннің монетизациясы соңғы кезде үлкен проблемалар тудыруда. Анау «Мудараба» деп діннің атын жамылып, діннен хабары жоқ блогерлер дінге көлеңке түсірді. Екіншіден, жақында қажылық фирмаларының жасаған алаяқтық істері бар. Негізінде Құранда Алла тағала: «Құлшылық, ғибадаттардың барлығы Құдайға арналу керек». деп айтады. Бұл — негізгі үкім. Бұл ережеден тыс зәрулікке байланысты жасалатын құлшылық ғибадаттары бар. Мысалы, адамның денсаулық тұрғысынан жағдайы жоқ болса, ол кісі өзінің атынан өкіл ретінде қажылыққа жібереді. Бірақ, бұл жерде зәрулік бар. Зәрулік болмаса, ондайға да рұқсат жоқ. Болмаса қайтыс болып кеткен тұлғалардың атынан да қажылық жасауға болады. Құран оқуға байланысты, Ханафи ғұламалары құран оқу үшін ақы талап ету харам деп үзілді-кесілді үкім берген. Сондықтан имамдар оқыған құранына ақы талап етуге құқы жоқ. Себебі, ол құлшылық жасап жатыр. Ал, оған ақша талап ету, садақа жіберіңіз, бүйтіңіз деген шамалы басқа діндерден келген практика. Басқа діндерде ол заңды болуы мүмкін, бірақ ислам дінінде ондай зат жоқ, — дейді исламтанушы, теолог Асқар Сабдин.
Желі қолданушылар блогерді бұл әрекеті үшін қатаң сынауда.
«Аллаға дұға ету үшін посредник керек жоқ. Үйде отырып та тілесең Алла естиді», «Қалтама түспейді, каспиге түседі десеңші», «Не боп кетті бұл заман», «Ақшасын берсем мен үшін намаз оқи саласың ба дегендей болды ғой», «Нағыз алаяқ екен. Арабтан жұққан нағыз сұрқия екен», — деп жазды олар.
ПІКІР ЖАЗУ