Көмекке әкелген контейнерлерді әуеден парашютпен түсірген.
АҚШ әскери ұшақтардың көмегімен Газа секторының тұрғындарына әуемен гуманитарлық көмек жеткізу операциясын өткізді. Сыншылардың айтуынша, азық-түлікті парашютпен түсіру амалы жүк көліктерімен жеткізуден гөрі әлдеқайда тиімсіз. АҚШ-қа дейін Газаға басқа елдер әуеден көмек көрсетті.
Үш америкалық C-130 ұшағы БҰҰ мәліметі бойынша, кем дегенде 576 мың адам ашығып жатқан аймаққа 38 мыңнан астам бір кісілік тамақ жеткізді, деп жазды Reuters. ВВС дерегінше, контейнерлер парашютпен түсірілген. Жұма, 1 наурызда АҚШ президенті Джо Байден Газаға әуе арқылы гуманитарлық көмек жеткізу жоспарын жариялады.
Бейсенбі күні Газа қаласында гуманитарлық жүк көліктерінің маңына жиналған жұртшылықтың ішінде 110-нан астам палестиналық қаза тапты. Газаның ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі болған оқиға үшін Израильді айыптады, ал Байден ХАМАС пен Израиль арасындағы соғыста уақытша атысты тоқтатуға қол жеткізу перспективаларына алаңдаушылық білдірді. Израиль өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
«Олардың кейбіреулері (палестиналықтар) басқа газалықтарды аяусыз итеріп, тіпті таптап, гуманитарлық жүктерді ұрлай бастады. Осы келеңсіз оқиғаның салдарынан ондаған газалық қаза тауып, жарақат алды», — деді Израиль қорғаныс күштерінің өкілі Даниэль Хагари.
Оның айтуынша, «жағдай израильдік әскерилердің бақылауынан шығып кетті». Бұл – АҚШ-тың Иордания Әуе күштерімен бірге жүргізген парашютпен гуманитарлық көмек түсіру операциясы Байден жариялаған алғашқы шара болды.
Фото: smartnews.kz
ПІКІР ЖАЗУ