Ақмола облысында жоқ пәтерді жалға беріп келген интернет-алаяғы ұсталды, күдіктінің 8 қылмысқа қатысы бары тексерілуде.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіні Ақмола облысының ПД Криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері қолға түсірген.
Алдын ала анықталғандай, 22 жастағы ер адам бұрын да алаяқтық үшін жауапқа тартылған. Бұл жолы ол Instagram әлеуметтік желісінде және Крыша.kz сайтында пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырып, хабарласқан адамдардан банк картасы арқылы алдын-ала төлем алған. Кейін ақша алған клиенттерінің телефон нөмірлерін бұғаттап отырған.
«Қазіргі уақытта ер адамның алаяқтық бойынша 8 қылмысқа қатысы бары тексерілуде, оның алтауы Ақмола облысы аумағында жасалған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 190 бабының 2 бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», — дейді Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Ермек Манатов.
Фото: Pexels
ПІКІР ЖАЗУ