Ақмола облысында су тасқыны басталғаннан бері, 26 наурыздан бастап барлығы 687 адам эвакуацияланды. Оның үшеуі мүмкіндігі шектеулі жан және 105-і бала.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, өңірдегі Есіл, Жарқайың және Шортанды аудандарында су тасқыны шиеленісті жағдайда өтіп жатыр. Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарында Жабай және Қалқұтан (Колутон) өзендерінде судың ағысы барысында қауіп сақталады. Өзендердің су тасқыны қауіп бар 64 учаскесінде қосымша мұз жару жұмыстары қолға алынды. Облыстың төрт ауданының, оның ішінде елорда маңындағы елді мекендер қамтылды.
Ақмола облысы әкімдігінің деректері бойынша, Көкшетауда Қылшақты өзенінде судың деңгейі 2 метрге дейін көтерілді. Ал қауіпті деңгейі 1,2 метр. Сол себепті, өзен жағасына жақын ораналасқан жеке үйлерді, көпқабатты үйлердің аулаларын және әлеуметтік нысандарды су басты.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 наурыздан бастап барлығы 687 адам эвакуацияланды, оның үшеуі мүмкіндігі шектеулі жан және 105-і бала. Оның ішінде 526 адам үйлеріне оралды, 161 адам туыстарында тұрып жатыр. Сондай-ақ облыс бойынша 18 905 жуық мал қауіпсіз жерген шығарылды.
«Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 125 жеке үйді су басты, оның ішінде Көкшетауда 34 жеке үй, уақытша тұрғын үйге арналған екі ғимарат, 188 жеке аула аумағы, 18 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары бар. Тасқын судан облыс орталығында үш әлеуметтік нысан зардап шекті – «Ынтымақ» балабақшасы, теміржол ауруханасының жертөлелері, облыстық қан орталығы, саяжай алабының 816 ғимараты, мектептің аула аумағы және жеке аурухана», — деді ведомстводан.
Су тасқынына қарсы шараларды күшейту үшін ҚР басқа өңірлерінен қосымша күштер мен құралдар көмекке келді. М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары мен офицерлері, сондай-ақ 385 волонтер көмек көрсетіп жатыр.
Фото: Зеренді ауданы әкімдігі
ПІКІР ЖАЗУ