Шымкентте ер адам есірткіге қатысты туындаған жанжалдан кейін інісін пышақтап өлтірген. Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Демалыс күндері Еңбекші аудандық полиция бөліміне кісі өлімі туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы, Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарлары Серік Ергешов пен Арман Бейсенбаев және аудан прокурорлары да барған.
“Мекенжайға жеткен полиция қызметкерлері үйдің ауласынан зорлық белгілері бар ер адамның өлі денесін тапқан. Анықталғандай, жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан ас үй пышағымен ұрып, белгісіз бағытқа қашып кеткен. Полиция департаментінің бас жедел уәкілі Арман Бейсенбаевтың нұсқауымен криминалдық полицияның жедел уәкілі Құттыбек Оңалбеков пен кинолог Мейіржан Қасымбеков қызметтік итті ертіп, үй маңында орналасқан темір жол жақты іздеуге шыққан”, – делінген хабарламада.
Күдіктіні полиция иті тауыпты. Ол тәртіп сақшыларын киімін ауыстырып үлгерген күдіктіге апарған.
“Қызметкерлер ер адамды қамауға алды.Ағайындылар арасындағы жанжал марқұмның бауырына есірткіні қолдануды тоқтату керек деген ақылынан басталғаны белгілі болған. Бүгінде аталған жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады”. – деп қосты полиция өкілдері.
ПІКІР ЖАЗУ