Салықтың ақшасына Жайдарманның арзан күлкісін қашанғы сатып ала береміз?

Халықтың қалтасынан жиналған салықтың ақшасын мемлекеттік мекемелер оңды-солды шашып келеді. Соның бір мысалы «Жайдарман» ойындарына есепсіз қаржы жұмсау. Қазір кей мекемелер Президент жолдауының өзін күлкіге айналдырып, «Жайдарман» арқылы насихаттайтын болған. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі биыл мемлекеттік мекемелер «Жайдарман» ойындарына қанша қаржы бөлгенін жіпке тізіп шықты.

«Жайдарман» — командалық ойын. Александр Масляков жүргізетін ресейдің «КВН»-інің тікелей көшірмесі. Екі мыңыншы жылдардың басында Масляков өз жобасының ауқымын кеңейтіп, бұрынғы посткеңестік елдерден командалар шақыра бастады. Содан кейін ресейліктердің кезекті мәдени экспансиясы қарқын алды. Масляковтың сахнасына шыққан қазақ жастары аз уақыттың ішінде танымал тұлғаларға айналды. Бұл жағдай қазақша Жайдарманның да дамуына даңғыл жол ашып берді. Қазақ айтары бар салмақты әзілге езу тартпайтын,  шулаған тобырлық мәдениет өкілдерінің арзан әзілдеріне елітетін халыққа айналды. Балаға ең алдымен білім беруге тиіс мектеп, колледж, университеттер маман дайындауды ысырып қойып, «жайдарманшы» дарынсыз әртістердің санын көбейте бастады.

Мәдениеттанушы мамандар қазіргі мағынасыз кинолардың көбеюі, мемлекеттік делінетін теларналардың өзі халыққа қажетті сараптамалық бағдарламаларға орын бермей, көңіл көтеретін шоуларға толып кетуі, бәрі-бәрі ұлт мәдениетіне жасалған қастандық деп бағалайды. Бұл тақырыпты өзек еткен қаншама мақала жазылды. Бірақ, мемлекетіміздің идеологиясы көңіл көтерер ойын-сауыққа, арзан күлкіге басымдық беруін тоқтатпай тұр.

Пайдасыз, арзан күлкіні мемлекет идеологиясына айналдыру қаншалықты дұрыс? Қазір  Жайдарманның мектеп ішілік, аудандық, облыстық және республикалық сайыстары тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр.  Әрине, жайдарман заманауи өнер ретінде өз бетімен дамып жатса, ештеңе айтуға хақымыз жоқ еді. Қазір мемлекеттік мекемелер халықтың қалтасынан жиналған салықтың ақшасымен жайдарманшыларды қаржыландыратын болған.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Жайдарманға биылдыққа бөлінген бірнеше тендер жарияланымдарын назарларыңызға ұсынамыз.

Қараңыз:

  1. Ұлытау облысы әкімінің кубогы — 6 260 000 теңге.
  2. Абай облысы әкімінің кубогы — 3 571 428.57
  3. Алматы облысы әкімінің «Alatau CUP» республикалық жайдарман кубогы — 5 400 000 теңге
  4. Абай облысының әкімінің кубогына арналған «Алакөл алаулары» Жайдарман фестивалін ұйымдастыру және өткізу — 3 571 428 теңге.
  5. «Жайдарман» лигасын ұйымдастыру және өткізу (Қарғанды облысы) — 13 000 000.00
  6. Ақмола облысында «Жайдарман» КТК қазақ лигасының ашық облыстық чемпионатын өткізу — 2 500 000 теңге.
  7. Қостанай облысындағы КВН қозғалысын дамыту және қолдау — 4 464 285
  8. Теміртау қалалық КВН турнирлерін өткізу — 27 321 428

Әрине, бұл біздің көзімізге іліккен бергі жағы ғана. Мұның сыртында  goszakup.gov.kz сайты арқылы жүзге жуық аудан әкімдерінің кубогына мемлекеттің миллиондаған қаржысы жұмсалған.

Түйін

Қазақстанда шешілмей жатқан әлеуметтік проблемалар… көшелерді жарықтандыру, жол салу, ауыз су, интернет жоқтығы, т.б. жетерлік. Осындай сындарлы кезеңде облыс, шағын қалалар мен аудандардың әкімдіктері оқушылар мен студенттердің өздерінен басқа ешкімге қызық емес Жайдарманы үшін қаржыны есепсіз бөлуі халықтың наразылығын туғызып жібермей ме? Бізді осы сұрақ мазалайды?

Қанат Бірлікұлы